Жамбыл облысындағы жол апаты: 3 адам жан сақтау бөлімінде жатыр

22 Сәуір 2019, 11:05
1731
Бөлісу:
Жамбыл облысындағы жол апаты: 3 адам жан сақтау бөлімінде жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Үкімет кулуарында Қордай маңайында болған жол-көлік апатынан зардап шеккендердің жағдайы туралы баяндады. 

«Апаттан 11 адам қаза тапты. 31 адамға әртүрлі деңгейде медициналық көмек көрсетілді. Ауруханада жатқан тоғыз адамның үшеуі жан сақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалап отыр, дегенмен тұрақты деуге болады. Жан сақтау бөліміндегі үш адамның біреуі – өзбекстандық. Аурухананың әртүрлі бөлімдерінде жатқан алты адамның екеуі – Өзбекстан азаматы, қалғандары – Қазақстан азаматы», - деді облыс әкімі. 

Мырзахметов Қазақстан тарапы жол-көлік апатынан қаза тапқандардың денесін шекараға дейін жеткізгенін айтты.  
20 сәуірде таңғы сағат 5-те Жамбыл облысының Қордай ауданында Алматы-Ташкент автожолының 181-ші шақырымында "Тойота камри" маркалы автокөлік жолда кетіп бара жатқан жүк көлігіне соғылған.

Тас жол бойында артынан келе жатқан автобус осы автокөліктерге соғылмайын деп әрекеттенгенде, жолдан шығып құлап кеткен.
Жол-көлік оқиғаларының нәтижесінде сол жерде 8 адам қаза тауып, 32 адам медициналық мекемелерге жеткізілді, алған жарақаттарының салдарынан тағы да 3 адам ауруханада қайтыс болды.

Оқиға орнына облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков, облыс прокуроры Ж.Құсайынов, облыстық полиция, төтенше жағдайлар департаменттерінің, және қорғаныс істері басқармасының басшылары барды.
Апаттан құтқару жұмыстарына 50 адам және жедел-құтқару, апатты апатты медицина қызметінің және облыстық полиция департаментінің 15 техникасы, сондай-ақ ІІМ ТЖК «Қазәуеқұтқару» қызметінің тікұшағы қатысты.

Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.


Өзгелердің жаңалығы