Жамбыл облысында туризм саласы 5 бағыт бойынша дамуда

12 Мамыр 2019, 17:57
2907
Бөлісу:
Жамбыл облысында туризм саласы 5 бағыт бойынша дамуда

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Тараз қаласындағы «Шахристан» тарихи-мәдени кешенін жаңғырту жұмыстары басталып кетті. Бүгінде бұрынғы базардың орны сүріліп, орнын тазарту шаралары қолға алынған.

Жамбыл облысы әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекованың айтуынша, алдағы уақытта бұл орталықта 60 шақты шеберхана орналасқан қолөнершілер қалашығы пайда болады.

«Шахристанды» қайта түлетуге арналған жаңғырту шараларын жыл соңына дейін бітіру жоспарланған. Негізі, биыл Әулиеата жеріне келетін туристердің қатарын 400 мыңнан асыруға ниеттеніп отырмыз. Қазіргі таңда Жамбыл облысы аумағында тарихи-археологиялық, экологиялық, медициналық сауықтыру және балалар туризмі қарқынды ілгерілеу үстінде. Әсіресе аңшылық пен балық аулауға қызығатындар қатары артуда», - дейді басқарма басшысы.

Жергілікті әкімдік мамандарының сөзіне сенсек, бүгінде жоғарыда аталған бағытта 50-ге жуық кәсіпкерлік нысан арнайы тіркеуден өтіп, қызмет көрсетуге әзір. Сондай-ақ, жуық арада «Төрткүл» тарихи кешені маңынан бірегей «Қазақ ауылы» этножобасы басталатын болады.

«Тараз қаласынан 12 арнайы туристік бағыт әзірленген. Қонақтарға ыңғайлы ахуал туғызу мақсатымен 33 туристік орталық арнайы мобильді қосымшаға егжей-тегжейлі түсіндіріліп, енгізілді. Енді ол жерден барлық қажетті мәліметтерді QR код арқылы да бес тілде алуға мүмкіндік бар», - деді Қарлығаш Аралбекова.

Сондай-ақ, ол қосымшада Жамбыл өңірінде қызмет ететін 178 қонақ үй мен 300-ден астам тамақтану орнының және көлік тасымалының сызбасы, ақша айырбастау пунктілері мен туристік агенттіктердің тізімі, бағалары жасақталған.

Өзгелердің жаңалығы