Жамбыл облысында тарихи-мәдени кешен жөндеуден өтеді

8 Мамыр 2019, 09:27
2574
Бөлісу:
Жамбыл облысында тарихи-мәдени кешен жөндеуден өтеді
Фото: автордан

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Тараз қаласындағы 200 гектардан аса аумаққа созылып жатқан «Шахристан» тарихи-мәдени кешеніне жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы Тараз қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов айтып берді. 

Оның сөзіне қарағанда, бұл мекенде көп ұзамай көркем сурет галереясы, өлкетану музейі, көрме және «Руханият» орталығы, Арбат, қолөнершілер шеберханасы, амфитеатр және көлемді сағат стелласы сияқты қала тұрғындарының игілігіне арналған нысандар салынады. 

Бейсенбек Жанбосыновтың айтуынша, «Шахристан» кешенін жаңғырту жұмыстары биылғы 25 мамырдан басталады. Өңір басшысы Асқар Мырзахметов аталған аумақтағы құрылыс жұмыстарын өз бақылауына алған көрінеді. 

«Мұнда қолға алынған шаруалар жіті қадағаланып, келетін шаһар тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы да жайлылық беретін жағдайлар жасалуы керек. Әсіресе, осы маңдағы көліктердің қозғалысын, тұрғызылатын ғимараттардың нобайын, көшелер тұйықталатын тұстарды ретке келтіру, сондай-ақ өзге де шаралардың барлығы үнемі басшылық назарынан, күн тәртібінен түспейді. Ең басты шартқа баса мән береміз, ол – іргесі қаланатын сәулеттік ғимараттар мен нысандар көне қаланың кескін-келбетін айшықтап тұруы тиіс», - деді Бейсенбек Жанбосынов. 

Бұл орайда, жобалар аясындағы құрылыс жұмыстарына «Самарқанд» технологиясымен әзірленген арнайы қыш кірпіштер қолданылады. Қазіргі кезде ондай материалды өндіру ісі Қазақстан бойынша тұңғыш рет Жамбыл өңірінде қолға алынып отыр. 

Айта кетейік, биыл Жамбыл облысының іргесі қаланғанына 80 жыл толады. Осы маңызды оқиғаға байланысты «Шахристанның» ішіндегі құрылыс жұмыстары осы жылдың қараша айына дейін аяқталуы керек.

Өзгелердің жаңалығы