Бас жаңалықтар
Жамбыл облысында өрттің саны азайған
31 Қазан 2020, 19:06 159

Жамбыл облысында өрттің саны азайған

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Әр демалыс күндері жамбылдық өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері, полиция өкілдері, еріктілер, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ өндірістік филиалы мен «ЖЭС» ЖШС мамандары бірлесіп, Тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі күнін өткізеді. Олар шара барысында тұрғын үй секторында жаппай профилактикалық жұмыстарды да жүргізеді.

Бұл жайында Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Зілзалалар қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Мақсат Әшірбайұлы Әкімбаев айтты. Оның сөзінше, аталған мекемелердің мамандары бүгінге дейін аймақта 43 мыңнан астам адамды қамтып, 29 мыңға тарта үйді аралаған. Сондай-ақ 1,5 мыңға жуық азаматпен 65 жиын өткізген. Бұл шаралар барысында күнделікті өмірде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы және газ, электр құрылғыларын пайдалану ережелерінің жадынамалары таратылыпты.

ҚазТрансГазАймақ» АҚ филиалы өкілдерімен бірге улану оқиғалары көп болған маңдарға 90-ға жуық рейд жасадық. Қолайсыз, аз қамтылған, көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер, әлеуметтік бейімделмеген азаматтар тұратын аймақтарда профилактикалық жұмыстар жүргізу үшін әкімдіктер мен полиция органдары қызметкерлерінің қатысуымен 10 мыңнан астам тексеру жұмыстары жүргізілді, - деді  Мақсат Әшірбайұлы.

Ол қазіргі уақытта Қордай мен Талас аудандарының әкімдіктері 500 автономды улы газ датчиктерін сатып алуға 1,9 млн теңге бөлгенін де айтты. Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғындардың әлеуметтік осал тобындағы 10 325 үйді тіркеген. Профилактикалық жұмыстарды жүргізу үшін соңғы 3 жылда өрттер мен улану жағдайларының талдау нәтижелері бойынша елді мекендердің ең проблемалы аймақтарының тізімі де анықталып, бекітілген екен.

Департаменттің қызметкерлері өрт сөндіру машиналарымен жеке тұрғын үй секторын аралап, тұрғындарға дауыс зорайтқыш арқылы жылу беру маусымы кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау шаралары туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар биыл тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі төтенше жағдайдың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссия отырысында екі рет қаралды. Әкімдіктердің алдына үкіметтік емес ұйымдарды өрттің алдын алу жұмыстарының іс-шараларына тарту, оның ішінде әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жергілікті бюджет есебінен іске асыру міндеттері қойылды, - деді жауапты маман.

Мақсат Әкімбаев Тараз қаласының әкімдігі 6-шағын ауданда 2,8 млн теңге сомасындағы қаражатқа 5 қабатты тұрғын үйдің жылу жүйесін жөндегенін де әңгімеледі. Сол сияқты, Байзақ ауданының әкімдігі 3,2 млн теңгеге 41 жеке тұрғын үйдің жылу беру жабдықтарын жасақтаған екен. Жамбыл ауданының әкімдігі де 32 тұрғын үйдің жылу пештерінің түтіндіктерін тазалап, 172 мың теңге көлеміндегі қаржыға аз қамтылған отбасылар тұратын 18 тұрғын үйінің ескі электр сымдарын ауыстырып берген.

Жалпы, ағымдағы жылы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өрттің саны 15,6 %-ға, ал шығын 27,7 %-ға азайғанын атап өткім келеді. Десе де, өрттен қаза тапқандар саны 2 есеге, жарақат алғандар саны 33 %-ға өсті. Нақтылай айтсам, жыл басынан бері улы газдан уланудың 15 жағдайы тіркелген. Нәтижесінде 16 адам зардап шексе, оның 6-уы – балалар. Бұл оқиғалардан 4 адам қайтыс болды. Өңірде биыл 473 өрт орын алды. Бұл сан өткен жылдың осы мерзімінде 561 болатын. Тілсіз жаудан 57 млн 664 мың теңге шамасында шығын келсе, 6 адам қаза тапты және осынша азамат жарақат алды, - деп атап өтті басқарма басшысы М.Әкімбаев.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...