Жамбыл облысында оқушылардың жазғы маусымы қалай ұйымдастырылады?

21 Мамыр 2019, 18:37
2276
Бөлісу:
Жамбыл облысында оқушылардың жазғы маусымы қалай ұйымдастырылады?
Фото: автордан

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биылғы оқу жылында Жамбыл облысындағы 446 жалпы білім беретін мектепті 222 801 оқушы аяқтайды. 

Оның 169 058 қазақ, 53 584 орыс, 159 өзбек тілінде оқыған. Сонымен қатар мектеп қабырғаларынан 8 796 оқушы түлеп ұшпақ. Түлектердің 328 «Алтын белгіден», 245 «Үздік аттестаттан» үмітті. 

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбатырова баяндады. 

«9,11-сыныпты бітіретін оқушылар 27 мамыр – 7 маусым аралығында мемлекеттік емтихан тапсыратын болады. Мектеп бітіру кеші 12 маусым күні «Болашақ – жастардікі» тақырыбымен мектептердің ішінде өтеді», - деді спикер.  

Жамбыл облысында оқушылардың жазғы маусымы қалай ұйымдастырылады?

Жәмилә Бекбатырованың айтуынша, биыл екінші жыл ҰБТ тек жоғарғы оқу орындарына түсу үшін тапсырылады. ҰБТ 20 маусымнан 5 шілдеге дейін өңірдегі 10 ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу пунктінде өтеді. 

«2018-2019 оқу жылында түлектердің 5 913 ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірді. Мектеп бітірушілердің 5 219 сынақты қазақ тілінде, 673 орыс тілінде тапсырады. Ал ағылшын тілінде тапсыруға 21 түлектен өтініш түскен. Тестілеу форматына сәйкес талапкер 3 сағат 50 минутта 2 блоктан тұратын 120 тапсырманы орындауы қажет: 3 міндетті пән және таңдайтын мамандығына сәйкес 2 бейінді пән.», - деді жауапты маман. 

Басқарма өкілінің сөзіне қарағанда, жазғы демалыс маусымында өңірде 425 мектеп жанындағы лагерь және 10 қала сыртындағы сауықтыру лагері жұмыс істейді. Онда 100 пайыз оқушы сауықтырумен және ұйымдастыру шараларымен қамтылатын болады. Көп балалы және аз қамтамасыз етілген әлеуметтік санаттағы отбасы балалары да назардан тыс қалмайды екен. Бұл санаттағы 8 046 бала қала сыртындағы лагерьде тегін сауықтырылса, мектеп жанындағы лагерьлерде 21 мыңнан астам бала тегін тамақтанады. 

«Сонымен қатар, жеткіншектер республикалық оқу-сауықтыру орталықтарында және палаткалық лагерьлерде қызықты күндерін өткізбек. Балаларға арналған ауданнан ауданға және өзге облыстарға туристік саяхаттар, экскурсиялар мен спорттық шаралар ұйымдастырылады. Жазғы маусымда балалар мектептерде және мектептен тыс білім мекемелерінде тіл үйрену, өнер бағыттары бойынша үйірмелерге де қатыса алады», - деді Жәмилә Бекбатырова. 

Айта кетейік, жазғы маусымда балалардың құқығын қамтамасыз ету мақсатында Жамбыл облыстық білім басқармасының «Жедел желісі» (43-88-25, 8 747 208 54 66) ашылып отыр. Ата-аналар мен барлық мүдделі тұлғалар қала сыртындағы, мектеп жанындағы лагерьлерде орын алған оқыс жағдайлар туралы шағымдарын осы телефон нөмірлері арқылы хабарлай алады.

Өзгелердің жаңалығы