Жамбыл облысында көпбалалы ана сабыннан кәдесый дайындап, сатып жатыр

28 Шілде 2021, 20:55
2330
Бөлісу:
Жамбыл облысында көпбалалы ана сабыннан кәдесый дайындап, сатып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысы Сарыкемер ауылының тұрғыны, 4 баланың анасы Ақерке Нұрышова әтір сабын және сәбилерге арналған табиғи таза сабынды үй жағдайында жасап, шығара бастады. Бұл істі ол биыл ақпан айында қолға алыпты деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Мамандығым - мұғалім. 8 жылдан аса уақыт Сарыкемер мектеп-гимназиясында қызмет еттім, кейіннен отбасылық жағдайға байланысты жұмыстан шығуға мәжбүр болдым. Біраз уақыт жұмыссыз отырған соң кәсіп бастауды мақсат еттім. Сөйтіп, интернеттен үй жағдайында әтір сабынды қалай жасауға болатынын үйрететін бейнероликтерді көріп, осы саланы егжей-тегжейлі үйреніп шықтым, - дейді ізденімпаз кәсіпкер.

Ақерке бұл кәсіпті теориялық жағынан меңгеріп, практикалық тәжірибе жинақтауға кіріскен. Алдымен өнім жасағанға жұмсалатын қажетті шикізатты тапсырыспен онлайн жеткізуші арқылы сатып алыпты.

Интернеттің белсенді пайдаланушысымын, Instagram парақшамда 32 мың оқырманым бар. Алғашқы тапсырысым осы әлеуметтік желі арқылы келіп түсті. Қай кәсіпті бастасаң да қаражат қажет екені белгілі. Алғашында кәсібімді бастау үшін шамамен 50 мың теңге, кейін тағы 200 мың теңге жұмсадым. Интернет арқылы шикізаттарды Ресей, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан арнайы тапсырыспен сатып алдым, - дейді Ақерке.

Көрші Ресейден жеткізілетін шикізаттың бір келісі – 1850 теңге. Бұл бір келі шикізатқа мөлшерімен су, хош иістендіргіш, бояғыштар және эфир майларын қосқанда шамамен 80 граммдық сабынның 18-20 данасын өндіруге болады екен. Сабынды түрлі пішінді етіп шығару үшін сұйықтық арнайы формаларға құйылады.

Сабынды түрлі-түсті, түрлі қаптамада және түрлі пішінде жасаймын, барлығы тапсырыс берушінің талғамы мен қалауына байланысты. Мәселен, бесікте жатқан сәби, қанатты «періште сәби», түрлі-түсті көліктер, құс, аю, сан түрлі гүлдер пішінді сабынға сұраныс көп. Дайын өнімді Атырау, Өскемен, т.б. қалаларға тұрақты түрде жіберіп тұрамын. Ал жақында Оңтүстік Кореядан арнайы тапсырыс қабылдап, 30 дана сабынды танысым арқылы жөнелттім. Барлық тұтынушым қызығушылықтарын танытып, өнімнің сапасына деген ризашылықтарын білдіруде. Ендігі кезекте Тараз қаласындағы бірнеше монша иелерінің тапсырысын орындау үстіндемін, - дейді кәсіпкер.

Ақеркенің қолынан шыққан бір дана сабынның бағасы – 250 теңге, ал сабынның қаптамасына арнайы тапсырыспен логотип немесе жазу жаздыратын болсаңыз, бір сабын шамамен 400 теңгеге айналады.

Ақеркенің ендігі мақсаты — жеке кәсіпкерлігін заңдастырып, кір сабын шығару. Ол үшін қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қайтарымсыз грантты және төмен пайызды несие алуды жоспарлап отыр. Құрал-жабдықтың көмегімен бір сағатта 100 дана сабынды шығаруға болады екен.

 


Өзгелердің жаңалығы