Жамбыл облысында карантиндік режим басталды

9 Сәуір 2020, 00:00
1466
Бөлісу:
Жамбыл облысында карантиндік режим басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысында карантин режимі енгізілді. Периметрі және облыс аумағы бойынша 27 блок-бекет орнатылды, оның ішінде Тараз қаласында 7 блок-бекет қойылған. Оларда полиция, медицина және әскери қызметшілер қызмет атқаруда.

Осы орайда, 2020 жылғы 9 сәуір сағат 00:00-ден бастап Жамбыл облысының аумағында және облыстың барлық елді мекендерінен кез-келген автокөлік құралдарының және азаматтардың келуіне және шығуына тыйым салынады - делінген әкімидіктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Ал карантиндік режимде төмендегі жағдайларда қолданылмайды:

- медициналық және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары, авариялық-құтқару және коммуналдық қызметкерлер, құқық қорғау органдары;

- фармацевтикалық компаниялардың, қызметтік және жеке автокөліктерде отбасы мүшелері және бөтен тұлғаларсыз медициналық мекемелердің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін зертханалардың қызметкерлері мен мамандары:

- көктемгі егіс және басқа да ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу үшін қажетті тұлғалар мен автокөлік құралдары;

- жерлеу рәсімі кезінде мәйітті таситын 3 бірлік көліктен аспайтын және салт-жоралғыларды атқару қызметкерлері мен марқұмның жақындарын қосқанда 10 адамнан көп емес тұлғалар, тиісті анықтама құжаттары болған жағдайда:

- тұрғылықты жеріне оралу үшін келетін/кететін адамдар және медициналық көрсеткіштер бойынша кететін және келетін тұлғалар;

- жеке тұлғалар мен автокөлік құралдары, жедел штабтың шешіміне сәйкес (жедел Штаб рұқсат беру тәртібін анықтайды);

- Тараз қаласынан шыққан жағдайда медициналық картадан үзінді көшірме бойынша карантиндік оқшаулаудан өткен басқа өңірлердің тұрғындары мен шет мемлекеттердің азаматтары.

Қоғамдық көліктердің қозғалысы келісілген кестеге сәйкес  шектеледі (07:00-ден 10:00, 12:00-ден 15:00, 17:00-ден 20:00-ге дейін). Оларға жеке қорғаныш заттарымен қамтамасыз етілген жағдайда ғана  рұқсат беріледі.

Такси қызметі арнайы тіркелген ұйымдармен, тиісті материалдық техникалық санитарлық гигиеналық жағдаймен қамтамасыз етілген автокөлік құралдарында ғана көрсетіледі.

Жанармай құю станциялары, қаржы институттары, банктер, банктік айырбастау пункттерінің штаттық режимде жұмыс істеуіне рұқсат етіледі.

Келесі жағдайларды қоспағанда, Жамбыл облысының аумағында адамдардың және жеке көліктің еркін жүріп-тұруына тыйым салынады:

- азық-түлік тауарларын, дәрілік препараттарды және медициналық бұйымдарды сатып алу;

- медициналық көмекке жүгіну;

- үй жануарларын тіркеу деректері бойынша тұрғылықты мекенжайы маңында серуендеу, оның өзінде уақытша, 30 минуттан аспау керек;

- мемлекеттік және әлеуметтік көмек алу мақсатында мемлекеттік және өзге де мекемелерге бару;

- күтпеген ТЖ және адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін басқа да жағдайлар болған жағдайда;

- көктемгі егіс және басқа да ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу үшін (ауылдық жерлерде).

 Бұл ретте бір отбасы мүшелерінен басқа, кәмелетке толмағандарға ересектердің еріп жүруінсіз, сондай-ақ жеке қорғану құралдарын пайдаланбай, оның ішінде көлік құралдарын басқару кезінде 3 адамнан артық (қоғамдық тасымалдауды қоспағанда) отырғызуға және жүріп-тұруына тыйым салынады;

Әкімдіктерге жалғызілікті қарт адамдарды, мүгедектерді қолдау қызметін ұйымдастыру тапсырылды.

Азық-түлік супермаркеттерін, азық-түлік дүкендерін, дәріханаларды, ветеринариялық дәріханаларды, ауыл шаруашылығы техникаларына арналған автобөлшектерді сату, ауыл шаруашылығы жануарларына арналған жем-шөптерді өткізу орындарын қоспағанда, сауда-ойын-сауық орталықтарының, базарлардың, азық-түлік емес тауарлардың барлық сауда нысандарының, автосалондардың, автоқосалқы бөлшектер сату салондарының, гүл павильондарының қызметі тоқтатылды.

Дөңгелек жөндеу үшін жеке тұрған бокстарды (екіден артық емес), "Қазпочта" АҚ бөлімшелерін, Қонақ үйлерді қоспағанда, барлық қызмет түрлерін көрсету нүктелерінің қызметі тоқтатылады.

Қоғамдық тамақтандыру нысандары тек "тұтынушыларға жеткізіп беру" қағидаты бойынша жұмыстарын сағат 10-00-ден 22-00-ге дейін жалғастырады.

Халықтың жаппай жиналатын орындарына, оның ішінде жаяу серуендеуге арналған орындарға (көшелерге), саябақтарға, скверлерге, жағалауларға, алаңдарға, балалардың ойын алаңдарына, спорт алаңдарына және қала тұрғындарының өзге де демалыс орындарына кіруге тыйым салынады.

Естеріңізге сала кетейік, аймақта коронавирустың 45 жағдайы тіркелген, оның ішінде 11 адам шекаралық өткізу пункттерін кесіп өту кезінде, 6 жолаушы Делиден келген әуе рейсінен анықталған. Тараз қаласында 5 оқиға, Қордай ауданында – 18, Меркі ауданында – 2, Шу, Мойынқұм және Жамбыл аудандарында – бір-біреуден тіркелген.

Өзгелердің жаңалығы