Бас жаңалықтар
Жамбыл облысында "Damu Med" мобильдік қосымшасы іске қосылады
16 Мамыр 2019, 09:27 131

Жамбыл облысында "Damu Med" мобильдік қосымшасы іске қосылады

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында денсаулық сақтау ұйымдарымен наркологиялық және психоневрологиялық анықтамаларды беру қызметтеріне мониторинг жасалып, өткен жылдың соңынан бастап тегін берілетін анықтамалар 181 азаматқа 183 400 теңгеге сатылғандығы мәлім болды. Яғни, бірқатар медициналық мекеме азаматтардың білместігін пайдаланып заңсыз қаржы иемденуге жол берген.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Равиль Тюлебаев бұл ретте азаматтардың төлеген қаражаттарын қайтару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

"Жақында облыс аумағындағы емханаларда "Damu Med" кешенді медициналық ақпараттық жүйесіне 086-У нысанындағы анықтамаларға және еңбекке жарамсыз парақтарына QR-code енгізу арқылы түпнұсқалығын тексеру функциясы іске қосылды. Сонымен қатар, "Damu Med" кешенді медициналық ақпараттық жүйесіне өңірдегі ірі дәріханаларды тіркеу жүргізілуде", - деді департамент басшысы.

Маманның сөзіне қарағанда, оның мақсаты – емдеу мекемелері ұсынатын тегін рецепттерді қағаз түрінде емес, "Damu Med" мобильдік қосымшасына науқастың ЖСН нөмірін тіркеу арқылы алуға болатындай жағдай жасау. Осылайша көрсетілген анықтамаларды және рецепттерді қолдан жасау фактілері мүлде жойылады.



Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық