Жамбыл облысында жыл соңына дейін 1000-нан аса отбасы баспаналы болады

3 Мамыр 2019, 10:58
2010
Бөлісу:
Жамбыл облысында жыл соңына дейін 1000-нан аса отбасы баспаналы болады

Жамбыл облысында, BAQ.KZ тілшісі. Былтыр Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бес әлеуметтік бастамасын жария еткені есімізде. Бұл жарияланымдағы міндеттер мен тапсырмалар миллиондаған қазақстандықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталды, шаралардың нәтижесінде халықтың әл-ауқаты жаңа деңгейге көтерілді. Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтың игілігіне арналған бастамаларын толыққанды және сапалы орындау – мемлекеттік органдардың алдында тұрған үлкен мақсат. Сондықтан Жамбыл облысы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованы аз-кем әңгімеге тартып, Үндеу аясында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы сұраған едік.

– Жамбыл облысында Елбасының бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру бойынша Жол картасы қабылданып, жүзеге асырылып жатқанынан хабардармыз. Алдымен алғашқы тапсырма аясындағы шаруалар туралы баяндап берсеңіз.

– Бірінші «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бастамасы бойынша биыл 465,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Осы мақсатта жыл басынан бері 89,4 мың шаршы метр тұрғын үй иелеріне тапсырылды. Мұны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, 7,8%-ға артық.

Қазіргі таңда «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 26 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде және 2 тұрғын үй қайта жаңғыртылуда. Мұның ішінде 8 ғимарат сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үй санатына жатады. Оның екеуі Жаңатас қаласына, біреуі Қордай ауданына, бесеуі Тараз қаласына тиесілі. Ал 20-сы – Жамбыл облысы орталығындағы жаңа 15-мөлтек ауданда орналасқан несиелік үйлер.

Осы жылдың соңына дейін 1 070 отбасы пәтер кілтіне ие болып, қоныс тойын атап өтеді.

Өңір тұрғындарының арасында «7-20-25» жаңа ипотекалық несиелеу бағдарламасының іске қосылуын түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқанын айта кетейін. Екінші деңгейлі банктерге 25 сәуірге дейін түскен 193 өтініштің (1,5 млрд теңге) 93-і (0,7 млрд теңге) мақұлданған. Сонымен қатар, облигациялық құнды қағаздар шығару есебінен 720 пәтерлі 5 қабатты 9 несиелік тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын қалды.

– Біздің өңірімізде басқа облыстармен салыстырғанда, жұмысшылардың жалақысы төмен екенін жасыра алмаймыз. Ал Елбасы қарапайым еңбекшілердің жұмыс ақысын көтеруді де күн тәртібінің маңызды мәселесі ретінде қарауды тапсырды.

– Дұрыс айтасыз. Тұңғыш Президенттің бастамаларының екіншісін «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбек ақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» деп аталады. Біз бұл бағытта біршама шаруаларды атқарып үлгердік. Айталық, биылдан бастап өңіріміздегі жалақысы 63 125 теңгеден төмен 93,0 мың адамның салықтық жүктемесі 1%-ға дейін төмендетілді. Мұның ішінде бюджет саласы бойынша 47,3 мың адам қамтылған. Салық жүктемесін төмендетуге байланысты бюджет шығыстарын өтеуге республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінгенін де айта кетсем, артықтық етпес.

Сонымен қатар, биылғы 1 қаңтардан бастап 1 425 бюджеттік ұйымдағы 42,5 мың теңгеден төмен жалақы алатын 39 мыңнан аса қызметкердің еңбекақысы 1,5 есеге артты. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 4,8 млрд теңге қаралды. Нәтижесінде олардың жалақысы шамамен 20%-ға ұлғайды.

– Ал облыс аумағындағы жеке сектордағы кәсіпорындар қызметкерлерінің жалақысын көтеру бойынша жұмыс істедіңіздер ме?

– Әрине, екі бағыт негізінде жұмыстар жүргізілуде. Алғашқысы, 42,5 мың теңгеден төмен жалақы алатын қызметкерлер; келесісі – 42,5 мың теңгеден жоғары жалақы алатын қызметкерлер. Бүгінде 4276 кәсіпорында 69,3 мың жұмыскердің жалақысы орта есеппен 21,2%-ға көтерілді, яғни, 44,2 мыңнан 53,6 мың теңгеге дейін өсті. Тарқатып айтсам, бірінші бағыт негізінде жеке кәсіпорындардағы 42 мың теңгеден төмен жалақы алатын 21 мыңнан аса жұмыскердің; екінші бағыт бойынша 42,5 мың теңгеден жоғары жалақы алатын 48 мыңға жуық жұмыскердің жалақысы көтерілді.

Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап бюджет саласының жекелеген қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға дейін ұлғаяды. Бұл мақсатқа Жамбыл облысында 73 607 азаматтық және штаттан тыс қызметшінің жалақысын көтеруге республикалық бюджеттен 9,3 млрд теңге қаражат қаралатын болады.

– Әңгімемізді үшінші бастама жайында өрбітсек. Жоғары оқу орындарына қосымша бөлінген 20 мың грант пен студенттерге арналған жатақханалардың құрылысын жүргізу жоғарғы білімге қол жетімділік пен оның сапасын арттыруға қолайлы əсерін тигізетіні сөзсіз. Десе де, бұл саладағы сан жылдан бергі түйінді мәселені тарқату оңайға соқпаған болар?

– Иә. Бірақ еліміздің болашағы білімді де сауатты жастардың қолында емес пе?! Кейінгі буынды сондай дәрежеге жеткізу жолында, оларға қамқорлық танытуда өңірімізде игі істердің атқарылуына септесіп жатырмыз. Оның үстіне, Елбасы биылғы жылды «Жастар жылы» деп атады. Бұл да өз кезегінде үлкен істердің атқарылуына ықпал етуде.

Нақты шараларға тоқталсам, осы бастама аясында Жамбыл облысының жоғарғы оқу орындарына 811 грант бөлінді. Бұған қоса, жергілікті бюджет есебінен 2,6 млн теңгеге 10 грант қарастырдық.

Жатақхана құрылысы да ерекше бақылауда. Өңірдегі 3 жоғары, 48 кәсіптік және техникалық оқу орындарында 48 977 студент білім алады десек, 2 869 студент жатақханамен қамтылған екен. 2 387 студент жатақханаға мұқтаж, яғни жоғарғы оқу орындарындағы қажеттілік 1637 орынды құрайды. Жекелеп айтсам, М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-да 657 білімгерге, ТарМПУ-дің 780 студентіне, ТИГУ-дің 200 шәкіртіне және колледждердің 750 білім алушысына жатын орын керек.

Бүгінде жатахана мәселесін шешу мақсатында 11 726 студент оқитын М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне облыс орталығындағы Қ. Сәтпаев көшесінің соңындағы корпусы аумағынан 1,5 гектар жер берілді. Онда құны 1,3 млрд теңге болатын 500 орындық 5 қабатты жатақхана тұрғызуға инвестор анықталып қойды «ПИКО» ЖШС құрылыс жұмыстарын наурыз айында бастайтын болады. Дәл қазіргі кезде котлованы қазылып, тумбалары құйылу үстінде. Жоба бойынша жатақхана ғимаратының құрылысын аяқтау мерзімі жыл соңына жоспарланған.

6 мыңға жуық студент білім алатын Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті 0,7 гектар жерде 5 қабаттан тұратын 500 орындық жатақхана құрылысын жүргізбек. «БазисДорСтрой» ЖШС инвестор болып анықталды. 700-800 млн теңге болатын жобалық сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өтуде. Айта кетерлігі, бұл жер телімі Тараз қаласының меншігінде. Инвестор құрылысты бастау үшін жерді өз меншігіне алу қажет. Бұл мәселе шешілген жағдайда, жатақхана құрылысын бір жылда аяқтауды көздеп отыр.

Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ахуалына келсек, облыс орталығында орналасқан «Тараз» қонақ үйін оқу орны қаражаты есебінен сатып алу арқылы жатақхана мәселесін шешіп отыр. Биылғы жылдың сәуір айынан қайта құру жұмыстары басталды, алдағы қыркүйек айында аяқталып, студенттерді қабылдайтын болады.

Сонымен қатар, 3 колледжге 750 орындық жатақхана салу жоспарланған. Айталық, мыңға жуық студенті бар Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжіне 300 орындық жатақхана құрылысы үшін Тараз қаласындағы 15-мөлтек ауданы аумағынан 1,3 гектар жер телімі беріліп, мемлекеттік актісін алды. Қазіргі таңда инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.

Студенттері бұл білім ошағынан екі еседей көп Жамбыл медицина колледжіне 350 орындық жатақхана құрылысы үшін 1,0 гектар жер телімі бөлінді. Мемлекеттік жер актісі мен сәулеттік жобалау құжаттамасы да дап-дайын. Мұнда да инвесторлармен құрылыс жұмыстары бойынша келіссөздер жасалып жатыр.

600 студент білім алатын №9 Меркі колледжі де 100 орындық жатақхана құрылысына 2,0 гектар жер телімін еншілеген. Онда да жоғарыдағыдай жағдай. Алайда, инвесторлардың бөлінген жерге көңілдері толмағандықтан, Меркі ауданы әкімдігі басқа жер телімін қарастыруда.

– Талай істің қолға алынғандығына көзіміз жетті. Әңгіме барысын шағын несие беруді көбейту мен елді табиғи газбен қамтуды жалғастыру бағыттарына бұрсақ...

– Алдымен төртінші бастаманы жүзеге асыруға ағымдағы жылы 7,6 млрд теңге қарастырылғанын айта кетейін. Оның 5,8 млрд теңгесі республикалық, 1,8 млрд теңгесі жергілікті қазынадан қаралды. Бүгінде аймақтағы ауыл тұрғындары 5,1 млрд теңге алып үлгерді. Жалпы, биыл 1 020 ауыл азаматына шағын несие беру жоспарлануда, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7%-ға жоғары.

Қалаларда және моноқалаларда шағын несиелендіру және несиені кепілдендіру үшін бөлінген қаражатты игеру мақсатында Жамбыл облысы әкімдігі, «Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның облыстық филиалы және екінші деңгейлі банктер арасында үшжақты келісімшарт жасалып, 1036,6 млн теңгеге 90 жобаны несиелендіру көзделіп отыр.

Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыруға келсек, бүгінде көгілдір отынға қосылған елді мекендердің үлесі 48%-ды, яғни 181 ауылды құрайды. Ағымдағы жылы 5 ауданның 81 елді мекеніне газ тарту жұмыстары басталмақ. Бұл жобалардың жалпы құны 6,1 млрд теңге көлемінде. Айта кетейін, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Тараз қаласының магистральдық жылу желілерін ауыстыруға 2019 жылы республикалық бюджеттен 7,6 млрд теңге қарастырылды. Ол өз кезегінде тозу деңгейін 62,1%-дан 57,3%-ға немесе 4,8%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

– Барынша кең ақпарат бергеніңізге рақмет! Ел мүддесі жолындағы істеріңіз оңынан болсын!

Өзгелердің жаңалығы