Бас жаңалықтар
Жамбыл облысында алтын қазған жігіттер ұсталды
15 Қыркүйек 2021, 02:07 571

Жамбыл облысында алтын қазған жігіттер ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысында заңсыз алтын қазған қылмыстық топ мүшелері құрықталды. Олардың бұл іске тыңғылықты дайындалғаны соншалық, тау ішінен шахта қазып, заманауи құрал-жабдықтарды пайдаланған.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Шу өзені бойынан кәсіби аппараттармен жабдықталған цех табылды. Онда құрамында бағалы металл бар кен өңделіп келген. 

Ал бұл іске қажетті шикізатты күдіктілер Мойынқұм ауданы Ақбақай ауылынан 20 шақырым аумақта орналасқан «Қаракөз» жер учаскесінен тасып отырған. Ол жерде алтын қазушылар шахта жасап, күні-түні тоқтамай жұмыс істеген. Барлығы бұл заңсыз өндіріске 9 адам тартылғаны анықталды. 

Қазір оларға қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Күдіктілердің кінәсі толық дәлелденген жағдайда 3 жылдан 5 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Тінту кезінде алтын кенді өңдейтін 2 құрал, құмды тазартуға арналған 2 аппарат, сондай-ақ 10 тонна көлемінде кен табылып, тәркіленді. Қазіргі уақытта тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды, – дейді облыстық ПД баспасөз қызметінің өкілі Құндыз Бөгенбаева.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...