Бас жаңалықтар
Жамбыл облысында 60 пәтер пайдалануға берілді
03 Мамыр 2019, 23:03 564

Жамбыл облысында 60 пәтер пайдалануға берілді

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Тараз қаласындағы «Бәйтерек» шағын ауданында 60 пәтерден тұратын жалдық негіздегі тұрғын үй мұқтаж азаматтардың игілігіне берілді. Баспана алғандардың көбісі тұрғын үй кезегіне тіркелген тұрмыстық ахуалы төмен отбасылар болды. Ал көпқабатты нысан былтыр «Нұрлы жер» мембағдарламасы шеңберінде тұрғызылған.

Жаңа нысанның іргесін қалап, қабырғасын көтерген – мердігер «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл үйде үш бөлмелі 30 пәтер болса, екі бөлмелі 15 пәтер бар, бір бөлмелі тағы 15 пәтер қамтылған. Тұрғын үйдегі үш бөлмелі баспананың жалпы аумағы 71 шаршы метр болса, екі бөлмелісі – 58, бір бөлмелісі – 40 шаршы метр.

«Жыл соңына дейін құрылысы аяқталатын тұрғын үйдің көлемі 460 мың шаршы метрден асады. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйлер мен инженерлік инфрақұрылым тартылатын нысандарға 16,7 млрд теңге бөлінді. Осы қаражатпен көп пәтерлі 30 үйді пайдалануға беріп, 14 инженерлік инфрақұрылым жобасын жүзеге асыратын боламыз», - дейді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев.

Оның айтуынша, биыл қазына қаржысынан 2175 азаматқа баспана кілтін беру жоспарланған. Сондай-ақ 1704 гектар алқапқа инженерлік-инфрақұрылым жұмыстары жүргізіледі.

«Бүгінде өңірде 25 мың адам пәтер кезегінде тұрса, оның 14 мыңнан астамы – әлеуметтік осал топ өкілдері. Олардың дені – тұрғын үйге өте мұқтаж жандар. Оның ішінде 2641 көп балалы отбасы бар», - дейді аймақ басшысының орынбасары.

Жергілікті әкімдік өкілдерінен білгеніміздей, қазіргі таңда Тараз қаласында 360 пәтерлі 8 жатақхананың құрылысы басталған. Олар алдағы күз айларында пайдалануға беріледі. Жалпы, облыс бойынша жыл соңына дейін 612 пәтерлі жатақхана тұрғын үйге мұқтаж жандарға үлестірілмек. Яғни, баспанаға мұқтаждардың тізіміне енген азаматтардың кезегі келгенше жатақханада тұрып, жақсы жағдайда өмір сүруіне мүмкіндік жасалады.

Айта кетейік, кілттері тапсырылған көпқабатты тұрғын үй тұрмысы төмен отбасыларға жекешелендіруге берілмейді. Жалға төлейтін айлық сомасы – 5500-6000 теңге шамасында.


Фото: автордан
Загрузка...

Сізден жаңалық