Бас жаңалықтар
Жамбыл облысында 74 мектептің директорлары шағын кабинеттерге көшті
26 Сәуiр 2019, 18:43 678

Жамбыл облысында 74 мектептің директорлары шағын кабинеттерге көшті

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысында «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы аясында 174 «Адалдық дүкені» ашылды. Олардың 2-еуі университеттерде болса, 7-еуі колледждерде, 160-ы орта мектептерде орналасқан. Бұл жайында облыс әкімдігінде өткен басқосуда жобалық кеңсенің жетекшісі Қайрат Меклисов мәлімдеді.

Тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, тұрмыстық жемқорлықпен күрес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті жетілдіру бойынша іске асқан шараларды әңгімелеген кеңсе жетекшісі артық алаңдарды тиімді пайдалану мақсатында 440 білім ошағына зерделеу жұмыстары жүргізілгенін де айтты.

«Атқарылған шаруалардың арқасында бөлмелерінің көлемі 35-50 шаршы метрден асатын 74 мектептің директорлары 11-20 шаршы метрлік кабинеттерге ауысты. Босаған 866 шаршы метр алаңға робототехника, сурет және ағылшын тілі сыныптары ашылды. Сонымен қатар, 17 мемлекеттік мекеме басшысының тынығу бөлмесі әшкереленіп, олар өзге қажетті мақсаттарға пайдаланылмақ. Ал 5 мемлекеттік мекеме коммуналдық меншіктегі нысанға көшіріліп, 16 миллион теңгенің шамасында қаражат үнемделді», - деді Қайрат Меклисов.

«Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің «Сенім жәшігі» акциясы барысында облыс аумағындағы 3 ЖОО мен 19 арнаулы орта білім ошағының 3759 шәкірті арнайы сауалнамаға қатысқан. Бұл шараның қорытындысына сәйкес, 100-ден аса студент 2000-7000 теңге көлемінде сыйлық алатын оқытушыларының атын атап, түсін түстеген.

Сондай-ақ, медицина саласындағы заңсыз анықтама сату, жүргізуші куәлігін алу, техникалық байқау пунктілеріндегі заң бұзушылықтар да анықталған.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...