Бас жаңалықтар
Жамбыл облысында 60 пәтер пайдалануға берілді
01 Мамыр 2019, 11:17 622

Жамбыл облысында 60 пәтер пайдалануға берілді

Жамбыл облысы, BAQ.kz тілшісі. Жамбыл облысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртылып, тұрғындардың игілігіне ұсынылды. 

Талас ауданының орталығындағы ескі ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізген Тараз қаласындағы мердігер «Темір-Байлық» компаниясы жаңғыртуға 228,5 миллион теңге шамасында қаражат жұмсаған. Тұрғын үй былтырғы 6 маусым күні пайдалануға қабылданып, содан бері инфрақұрылымдық жұмыстары қолға алынған.

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ел игілігіне ұсынылған арендалық нысанда екі бөлмелі 10 пәтер, үш бөлмелі – 30, төрт бөлмелі 20 пәтер бар. Аталған ғимараттағы пәтерлерге қоныс аударатын азаматтардың тізімі аудан әкімдігінің тұрғын үй комиссиясы тарапынан жасалған.


«Бұл шараның мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асқанын айта кетейін. Бүгін баспаналы болып, қуанышқа кенелген 60 отбасының 40-ы әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар қатарына кіреді. Оның 17- сі көпбалалы отбасы болса, 15-сі толық емес, 2-уі мүмкіндігі шектеулі жеткіншектерді асырап отырған ерлі-зайыптылар. Сондай-ақ, 1 мүгедек пен 5 оралман азамат қоныс тойын тойлайды. Қалған 20 пәтер мемлекеттік, бюджеттік мекемелердің қызметкерлері мен қызметтік пәтер иеленушілерге тиесілі», - дейді Жамбыл облысы әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаров.

Айта кетейік, Талас ауданы бойынша былтырдан бері 440 пәтерлі 6 көпқабатты ғимарат қайта жаңғыртылып жатса, бүгінде 290 пәтерлі 4-уі тұрғындардың пайдалануына беріліп үлгерді. Биыл тағы 150 пәтерлік 2 тұрғын үй осынша отбасын қуанышқа бөлемек. Ал бұл қатарда тұрғын үй кезегіне тіркелген 143 әлеуметтік аз қамтылған отбасы бар.  
Загрузка...