Жамбыл облысында 59 елді мекен газбен қамтылады

25 Қыркүйек 2020, 23:29
1564
Бөлісу:
Жамбыл облысында 59 елді мекен газбен қамтылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бейнеконференция-байланыс режимінде «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдауы аясында азаматтарды қабылдады, деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми сайты. 

Аймақ басшысына Мойынқұм және Шу аудандарының тұрғындары өз өтініштерімен жүгінді. 

Жамбыл Қалыбаев Мойынқұм ауданында, атап айтқанда өзі туған Мойынқұм ауылын газдандыру мәселесін шешіп беруді сұрады. Облыс әкімі өз жауабында «Шу» газ тарату стансасы құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайын екендігін тілге тиек етті. Көгілдір отынмен Шу және Мойынқұм аудандарының 59 елді мекені газбен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне бюджеттік өтінім жолданған. 

Мойынқұм аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Сатыбалдиев Меркі-Шу-Бурылбайтал автомобиль жолының құрылысы қашан аяқталатынын сұрады. Коронавирустық пандемияға байланысты құрылыс жұмыстарында біраз уақыт кідіріс болғанымен, қазір қайта басталған. 2021 жылы жоспар бойынша трассаның 262 шақырымы пайдалануға беріледі.

Тілеш Аманжолов Мыңарал ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізу керектігін алға тартты. Бердібек Сапарбаев бұл мақсатқа облыстық бюджеттен төрт миллион теңге бөлінгенін, бүгінде жобалық-сметалық құжаттама дайын екендігін жеткізді. Құрылыс жұмыстары тиісті сараптамалардан соң басталмақ. 

Сондай-ақ, Шу қаласының тұрғыны Күлшат Бекбосынова да облыс әкіміне жүгініп, Қабанбай батыр көшесінің тұрғындары таза ауыз суды күтіп отырғандығын айтты. Шу қаласында су құбырларын орнату жұмыстары жүргізілуде, дегенмен, Қабанбай батыр көшесі мердігер тізімінде болмай шыққан.

Аудан әкімі Нұржан Календеров мердігермен келіссөздер жүргізіп, тұрғындардың өтініштерін жеткізген. Мердігер өз есебінен сумен жабдықтау жүйесін орнатуға келісіпті.



Өзгелердің жаңалығы