Жамбыл облысында 40-тан астам жас кәсібін ашуға мүмкіндік алды

14 Маусым 2021, 14:29
3137
Бөлісу:
Жамбыл облысында 40-тан астам жас кәсібін ашуға мүмкіндік алды

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өткен жылы Таразда инвесторлар мен кәсіпкерлерді сүйемелдеуді мақсат тұтқан «Вizneske arnalğan ükımet» фронт кеңсесі ашылған болатын. 

Бүгінде орталық өз жұмысын жолға қойып, кәсіпкерлерге кеңесін беріп, олардың бизнес идеялары мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына өз септігін тигізуде. 

Инвесторлар мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының директоры Ғабит Әзімханның айтуынша, кәсіпкерлер орталық арқылы өздеріне қажетті қызмет түрлерін «Бір терезе» қағидасы арқылы ала алады. Оларға «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы, екінші деңгейлі банк менеджерлері, кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша сарапшылық топтың өкілдері, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері қызмет көрсетуде. 

Орталықтың кеңес беру, бизнесжобаларды кәсіби сүйемелдеу – негізгі бағыты. Атап айтқанда, мұндағы қызметкерлер бірлесіп кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін шешіп, өңір тұрғындарына мемлекеттік қолдау шараларын да түсіндіруде. Сондай-ақ қайтарымсыз гранттар мен шағын несие беруде тиімді кеңестер беруде, - дейді орталық директоры.

Оның сөзіне қарағанда, «Вizneske arnalğan ükımet» фронт кеңсесі орталығында кәсіпкерлерге, бизнес бастауға ниетті азаматтарға, жастарға 16 ұйымның отыздан аса өкілі 40-тан аса қызмет түрін көрсетеді. Кеңес алуға келгендердің құжатын жинауға, бизнесін бастауға барынша көмек береді. Жыл басынан бері мыңға жуық келушіге кеңес беріліп, орталық тарапынан қолдау көрсетілген екен. Соның ішінде жүзге жуық адамның екінші деңгейлі банктерден несие алуына жол ашылса, қырықтан астам жас өз кәсібін ашуға мүмкіндік алған. 

Бұдан бөлек, өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы да кәсіпкерлердің Электрондық үкімет порталындағы қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз етуде. Ашылған уақыттан бері мұнда ұсынылатын қызметтің ауқымы айтарлықтай кеңейген. Сондай-ақ орталықта алыс ауылдардан кеңес сұрап келетіндердің қатары көбейіпті. Кәсіптің көкжиегін кеңейтемін дегендер нақты ақпараттарға қанығып, мемлекеттік қолдаудың түрлі тетіктерін тиімді пайдаланып жатыр. 

Орталықтың бас маманы Бауыржан Нұрғалиев ашылғалы бері осында жұмыс істеп келеді. Бұған дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істеген ол алыс ауылдардан кеңес сұрап келетіндердің артқанын айтуда. 

Мен мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беремін. Егер келуші сол бағдарламаға сай келсе, оның құжатын жинасуға көмектесеміз. Жалпы, күніне 10-15 адам қабылдаймын. Біздің кеңесіміздің өзі шаруа қожалық жетекшілеріне, кәсіпкерлерге үлкен көмек. Шындап келгенде, олар қайда бару керектігін білмейді. Білмегенін сұрап келіп, бізден көп ақпарат алып, құжатын түгендеп, несие алып жатқандары да аз емес, - дейді ол. 

Жалпы мұнда кәсіпкерлерге бизнес-жоспарды әзірлеу, бағдарламалар бойынша кеңес беру, несие алуға құжаттарды дайындау, жеке кәсіпкерлік және жауапкершілігі шектеулі серіктестік қызметін ашу, қызметін тоқтата тұру және жою, жер учаскесін алу сынды сан сала бойынша көмек көрсетілуде екен.

Өзгелердің жаңалығы