Жамбыл облысында 24 мыңнан аса жас алғаш рет таңдауларын жасады

9 Маусым 2019, 13:19
1507
Бөлісу:
Жамбыл облысында 24 мыңнан аса жас алғаш рет таңдауларын жасады
Фото: автордан

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Олардың қатарында егіз қыздар – Әсел мен Әнел де бар.

Бір шаңырақтың тел өскен қыздары жексенбі күнгі демалысқа қарамастан, дауыс беруге бірінші болып келген. Екеуі де студент, аспаз мамандығы бойынша білім алып жүр.

Тараз қаласының тұрғындары апалы-сіңлілі болғанымен, сын сәтте әрқайсысы өз шешімдерін қабылдады. Болашақтары үшін таңдауларын жасады.

Егіздердің айтуынша, мемлекеттің келешегі әрбір азаматының қоғамды шараларға немқұрайлы қарамауына байланысты.

«Сол себептен бүгінгі саяси науқанға белсенділікпен атсалысуымыз керек. Біз бір анадан, бір әкеден бір мезетте туғанымызбен, жанымыз бір-бірімізге сонша жақын болғанымен, құқықтарымыз бөлек. Сондықтан да болашақ ел басшысын өз көзқарастарымызбен таңдадық», – дейді Әнел.

Жамбыл облысында 24 мыңнан аса жас алғаш рет таңдауларын жасады

Ал Әсел Мұстафина осы саяси науқанға қатысқанына қуанышты екенін білдірді.

«Біз үшін өте жауапты күн болды. Өйткені, халық болашағы осы сайлау науқанына тікелей байланысты. Мен барлық замандасымды саяси науқанға белсене қатысуға шақырамын», - дейді ол.

Айта кетейік, Жамбыл облысында 484 сайлау учаскесі тіркелген. Оның 117-сі Тараз қаласында орналасқан. Барлығы таңғы 7:00-ден бастап қызу жұмыс үстінде.

Өзгелердің жаңалығы