Жамбыл облысы Түркістанның су басқан ауылдарына гуманитарлық көмек жіберді

3 Мамыр 2020, 18:29
1483
Бөлісу:
Жамбыл облысы Түркістанның су басқан ауылдарына гуманитарлық көмек жіберді
Фото: автордан

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өзбекстан Республикасындағы "Сордоба" су қоймасында орын алған апат салдарынан зардап шеккен Түркістан облысындағы елдімекендерге Жамбыл облысынан гуманитарлық көмек жіберілді.

Алғашқылардың қатарында қол ұшын созған әулиеаталықтардың жәрдем керуені ертең таңғы уақытта діттеген жеріне жетуі керек.

Демалыс болғанына қарамастан Тараз əлеуметтік тұрақтандыру қорынан қажетті азық-түлік пен киім-кешектің арнайы көліктерге тиеліп жатқанына біз де куә болдық. Тараз əлеуметтік тұрақтандыру қорының басқарушы директоры Заңғар Кемеловтың айтуынша, үш ауыр жүк автокөлігіне Тараз əлеуметтік тұрақтандыру қорынан 10 тонна күріш, 5 тонна қант, 10 тонна ұн, 1 тонна қарақұмық пен 2 тонна сұйық май тиелсе, "Газель" шағын жүк көлігіне тасқын судан зардап шеккендерге бірінші кезекте қажет болатын киім-кешектер артылыпты.

Жүк тиелген автокөліктер Қазақ хандығы орналасқан меморалдық кешеннің қасына жолға шықты.
Бұл ауыр жүк автокөліктері тікелей су тасқынынан зардап шеккен көрші облыстың Мақтарал ауданына гуманитарлық көмек алып бара жатыр. Мұнда отыз тоннадан астам азық-түлік пен ондағы тұрғындарға қажетті киім-кешектер тиелген. Мұның барлығы Жамбыл облысы кəсіпкерлерінің демеушілігімен алынып отыр. Жалпы, Әулиеата азаматтарының атынан бұл көршілерімізге үлкен көмек болады деген ойдамын, - дейді облыс əкімінің орынбасары Нұржан Календеров.

Өзгелердің жаңалығы