Бас жаңалықтар
Жамбыл облысында болашағы бар 163 ауылдың тізімі жасалды
30 Қараша 2019, 16:47 5118

Жамбыл облысында болашағы бар 163 ауылдың тізімі жасалды

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл "Ауыл – ел бесігі" жобасы аясында Жамбыл облысында 163 болашағы бар ауылдың тізімі жасалып, Байзақ ауданындағы – Сарыкемер, Жамбылдағы – Аса, Шудағы – Төле би ауылдары енген болатын.

Бұл елді мекендерде барлығы 108 жоба қаржыландырылатын болса, оларға республикалық бюджеттен 2,77 млрд теңге, облыстық бюджеттен 300 млн теңге қаржы бөлінген. Бүгінде жүзге жуық жобаның құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. 108 жобаның 104-і әр сала бойынша, атап айтсақ, 55-і көше жолдарына асфальт жабынын төсеу, 25-і көшелерді жарықтандыру, 24-і білім, мәдениет, спорт, сумен жабдықтау тағы басқа нысандар. Қалған 4 жоба бойынша әлеуметтік нысандардың құрылысы жаңадан салынуда. Бұлар құрылыстары алдағы жылы пайдалануға берілмек.

Жамбыл журналистері "Ауыл – ел бесігі" жобасының, басқа да мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын зерделеу үшін жоғарыда аталған үш ауданда болды. Алдымен Жамбыл ауданынан бастау алған сапар Байзақ, Жуалы аумағында жалғасты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Жолдауында Елбасының "Ауыл – ел бесігі" жобасын жүзеге асыруды жалғастыратындығын айтып, Үкіметке оны жүзеге асыру үшін биыл бөлінген 30 млрд теңгеге қосымша алдағы үш жыл ішінде 90 млрд теңге қарастыруды тапсырғаны белгілі. Осы жобаға аудан орталығы – Аса ауылы енген болатын. Аса ауылын жаңғырту мақсатында республикалық және облыстық бюджеттен 726 миллион теңге бөлініп, 35 жоба қаржыландырылды. Бұл қаржыға автомобиль жолдарына асфальт жабыны төселіп, ауызсу және кәріз жүйесі тартылып, көшелер жарықтандырылды. Сонымен қатар білім, мәдениет нысандары қайта жаңғыртудан өткізілсе, қазір жаңа спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде, – деді Жамбыл ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов.

Бүгінде мұнда жүзеге асырылуы тиіс 35 жобаның 33-інің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілген. Сонымен бірге, әмбебап залы бар үлкен спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы салынуда. Жобаның құны 514 млн теңгені құрайды. Нысан келесі жылға өтпелі болғандықтан, биылға 150 млн теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарына 35 жергілікті тұрғын тартылған. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан құрылысқа қыста қолданылатын материалдар жоспарға сәйкес рұқсат етіліпті.

Жамбыл ауданы әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Қайрат Тілеубаевтың айтуынша, бұл кешен 13 айда тұрғызылып бітуі тиіс. Жалпы, нысанның құрылыс жұмыстары жобаға сәйкес жүргізіліп жатыр. Яғни бұл ғимарат алдағы жылдың қыркүйек айында пайдалануға бергелі отыр.

Тілшілер аялдаған бір нысан – "Әулие-ата Алма" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестік 50 гектарға 125 мың алма ағашының көшетін отырғызыпты. Өткен жылы бақтан 30 тонна, биыл 50 тонна өнім жиналған. Серіктестік 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Жалпы, серіктестік алдағы жылы әр гектардан орта есеппен 20-30 тоннадан өнім жинауды жоспарлауда. Бұл туралы серіктестік директорының орынбасары Мақсұтназар Садықов айтып берді.

Серіктестіктің базасында жеке кәсіпкер Ақмарал Батырбекова алмабақ жасау үстінде. Ол биыл "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы аясында мемлекеттің қайтарымсыз 2 млн теңге грантын иеленген. Өз жобасын "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасында қорғаған ол қауыннан қауынқақ жасамақ болыпты. Бірақ құрал-жабдықтарды кеш алған кәсіпкер "Әулие-ата Алма" ЖШС-мен келісе отырып, алмабақ кептіруде. Ақмарал өзіне қажетті құрал-жабдықтарды Кореядан алдырған. Үш бірдей "Drying Machine" аппаратының әрқайсысы 50 кг алманы кептіріп шығарады.

Бұл құралдар жалғыз алманы ғана кептіріп қоймайды, 300-ге жуық жеміс-жидектің түрін кептіруге болады. Мысалға, алманы күннің астында кемі екі апта құрғататын болсақ, ол бұл аппаратта бар жоғы 5 сағатта атқарылады. Жаздыгүні күнге кептірілген алмақақтың бойындағы сөлі мен дәмі кетіп қалады. Ал аппараттан кептірілген өнімнің сөлі, оның табиғи құрамы өз бойында қалады. Оны арнайы қораптарға салып, алда нарыққа шығаруды жоспарлаудамыз, – деді Ақмарал.

Байзақ ауданында да "Ауыл – ел бесігі" бойынша атқарылған жұмыс көп. Аудан әкімі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, бүгінде жобасы аясында Сарыкемер ауылын жаңғырту мақсатында ел қазынасынан 948 млн теңге бөлініп, 29 жоба іске асырылды. Пайдалануға берілген нысандардың ішінде аудандық орталық аурухана, білім нысандары мен балабақшалар бар. Сондай-ақ ондаған көшеге асфальт жабыны төселіп, жарықтандырылды. Асфальт төсеу жұмыстары облыстық мәндегі автомобиль жолдарында әлі де жалғасын табуда.

Бұдан бөлек, аудандық орталық стадион аумағында ашық аспан астындағы шағын футбол және әмбебап баскетбол алаңы жасақталып, пайдалануға берілді. Аудандық мәдениет үйіне, орталық кітапханаға, мұражайға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Енді, алдағы жылы Қостөбе, Үлгілі, Бозарық, Байзақ жәні Қосақ ауылдарын жобаға енгізуді жоспарлаудамыз, – деген Нұржігіт Молдиярұлы ауданда халық санының артуына байланысты көпқабатты тұрғын үй салу, ауызсу мен табиғи отын желісін жүргізу, басқа да аса маңызды жоспарларымен бөлісті.

Осыдан кейін "Ауыл – ел бесігі" жобасы аясында күрделі жөндеуден өткен "Теремок" балабақшасының жұмысымен таныстық. Балабақша меңгерушісі Толғанай Мыхиеваның айтуына қарағанда, бұл нысан 1985 жылы пайдалануға берілген. Содан бері отыз жылдан аса уақыт жөндеу көрмеген ғимаратқа биыл күрделі жөндеу жүргізіліп, 180 орындық балабақша жақында ғана жұмысын бастапты. Онда 46 адам еңбек етуде. Балабақша іші жылы. Жылу жүйесі едені арқылы да жүргізілген. Байқағанымыз – жаңа нысан соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен, бейнебақылаумен жабдықталыпты.

Көктал ауылдық округінде орналасқан "Аллель Агро" акционерлік қоғамының соғып жатқан құс фабрикасында ауылдық округтің әкімі Бақытжан Үкібаев қарсы алды. Аумағы атшаптырым жерді алып жатқан қожалықтың алаңында 12 құс фермасы тұрғызылған. Жаңадан бой көтеріп жатқан құс фермасының жылдық қуаттылығы – 20 мың тонна құс етін өндіреді. Фабрика іске толық қуатында қосылса, мұнда 680 жұмыс орны ашылмақ. Ал жергілікті бюджетке 540 млн теңге салық түседі деген болжам бар. Құс етін Қытай, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан мен Тәжікстан мемлекеттеріне экспорттауды да көздеп отыр.

Жуалы ауданындағы баспасөз туры жолды қардан тазартатын техникалардың қысқа дайындығымен танысудан басталды. Орталық алаңда сапқа тұрғызылған техникалардың дайындығын аудан əкімінің орынбасары Асхат Жабағы пысықтады. Аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 561,2 километрді құрайды. Республикалық мəндегі 58,1 километр жолды күтіп ұстау "Қазавтожол" республикалық мемлекеттік кəсіпорнына жүктелген. Олар сонымен бірге, көлік қозғалысына қолайсыздық тудыратын Күйік пен Шақпақата асуларында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруда.

Аудан әкімі Нарбай Ергебековтің сөзінше, мұнда туризм саласы дамып келеді. "Қаралма" тау-шаңғы кешені құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қазір мердігер аспалы жолды құрастыру үстінде. "Көксай" шатқалында жеке кəсіпкерге 40 гектар жер телімі беріліп, жаңа демалыс орны бой көтеруде. "Беріккқара" шатқалында 300 орындық демалыс орны салынып, демалушыларды қабылдауда. Ал "Қаралма" тау-шаңғы кешеніне барып сырғанаушыларға биыл да жағдай жасалатын болады, – деді Нарбай Əбілқасымұлы.

Бұдан кейін сол маңдағы Nurai Plaza ғимаратындағы "Білімді ұрпақ" оқу орталығының жұмысымен танысудың сәті түсті. Орталық директоры Нұрила Мəлібекова бұл ғимарат 1956 жылы салынғанын айтады. Кəсіпкер мемлекеттен төмен пайызбен ғимаратты жөндеу үшін 77 млн теңге несие алып күрделі жөндеуден өткізіпті. Сонымен бірге қажетті құрал-жабдықтар сатып алып оқу кабинеттерін жабдықтаған.

Бұл оқу орталығының ашылғанына бір жыл болды. Қазір жастардың білім алуға деген құштарлығы жоғары. Соған байланысты осы орталықты ашып, оқушыларды ағылшын, орыс тілдерінде білім алуына, математика, химия, физика пəндерін тереңдете оқуларына жағдай жасалған. Алғашқыда 100 бала орталыққа келсе, бүгінде олардың саны 300-ге жетті. Қазір 25 адамды жұмыспен қамтып отырмыз, – деді ол.

"Көксайда" "ҚазГидроОперейтинг" ЖШС-ның су электр стансасын салып жатқанына бір жылдан асыпты. Жобаның жалпы құны – 13,2 млн АҚШ доллары, қуаттылығы 18 МВт-ны құрайды. Стансаның техникалық өндіріс басшысы Айтқали Орынбасаровтың айтуынша, мұнда 5 электр стансасы салынбақ. Соның алғашқысын биыл аяқтап, екіншісін жақында іске қоспақ ниетте. Оған қажетті құрал-жабдықтар Австриядан жеткізіліпті.

Осылайша, жоғарыда аталған аудандардағы ілкімді істер мен игілікті жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысып, көзбен көріп қайттық. Бастысы, қандай жоба, бағдарлама болсын, барлығы да елдің игілігі үшін атқарылуда.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...