Жамбыл облысы: Қайта жаңғыртудан өткен Аспара гидроторабы іске қосылды

31 Наурыз 2020, 02:25
1905
Бөлісу:
Жамбыл облысы: Қайта жаңғыртудан өткен Аспара гидроторабы іске қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының Меркі ауданында қайта қалпына келтірілген Аспара гидроторабы мен қосымша сумен қамту трактісі іске қосылды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шараға аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев пен экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов қатысты.

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громовтың айтуынша, құны 922,4 миллион теңге болатын жобаның тапсырыс берушісі – аталмыш министрліктің Су ресурстары комитеті.

Нысанның салтанатты ашылу шарасы барысында бас ғимарат іске қосылып, канал арқылы  алғашқы су ағыны жіберілді. Енді АПТ және  Үлкен Шу каналының батыс тармағының төменгі бөлігінде жерлері бар шаруалар ойдағыдай өнім ала алады деп болжануда.

Жамбыл облысы жер үсті су ресурстарының 80 пайызына жуығын  Шу мен Талас трансшекаралық өзендері арқылы алады. Шекаралас мемлекеттер арасында суды өзара бөлісу осы тұрғыда арнайы бекітілген Ережелер негізінде жүзеге асырылады.

Соңғы жылдары Жамбыл облысы вегетациялық кезеңінде суару ылғалының тапшылығын бастан кешіріп келе жатыр. Ол шаруалардың ойдағыдай өнім ала алмауына әсер етуі мүмкін.

Осыған орай 2018 жылы су тапшылығын ішінара шешу үшін аталған жоба қолға алынған. Бүгінгі таңда 1928 жылы пайдалануға берілген Аспара су торабы толығымен қайта жаңартылды. Ол бойынша  "Аспара қосымша сумен қамту трактісі" (АПТ) каналының 7,6 шақырымдық бетон жамылғысы ауыстырылды. Ол 3,7 мың гектар суармалы жерді сумен қамтуға негізделген.

Сондай-ақ су жүретін арнаны, тұндырғышты, автожол көпірлерін қайта жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізіліп, автоматты су есептегіш жүйесі толығымен жаңартылды. Нәтижесінде АПТ өткізу қабілеті секундына жетіден тоғыз текше метрге дейін өсіп отыр.

Нысанды іске қосу нәтижесінде  Аспара жүйесінің арналарымен Меркі ауданының алқаптарын, сонымен қатар 2,5 мың гектарды құрайтын Үлкен Шу каналының батыс тармағының төменгі бөлігіндегі аумақты да сумен қамтуға мүмкіндік туды.

Бердібек Сапарбаев жаңартылған су торабы мен тарату орталығының жұмысымен жан-жақты танысып, жергілікті шаруалармен әңгімелесті. Облыс басшысы нысан іске қосылғаннан кейін суармалы жер көлемі қаншаға артатынын сұрады.  Бұл орайда 1,5 мың гектар суармалы жердің  айналымға қосылу туралы айтылды.

Жыл сайын облыс бойынша 170 млн текше метрге дейін ылғал жетіспейді. Ағымдағы жылы біздің шаруаларымыз суармалы судың тапшылығын сезбеуі тиіс. Біздің міндетіміз – суармалы жерлердің көлемін 200-210 мың гектарға жеткізу. Тасөткел су қоймасын жөндеу, кем дегенде үш шағын су қоймасын салу жұмыстары жоспарлануда. Біз суды жинауға және сақтауға дағдылануымыз керек. Суармалы су мәселесін шешу арқылы өңіріміздің шаруалары үшін жоғары рентабельді дақылдарды егу және жоғары өнім алу мүмкіндігіне қол жеткіземіз. Қант қызылшасының егісін ұлғайту қажет. Базардағы тәтті өнімнің құны өсіп келеді десек, бұл тұрғыдағы басты мақсат – облысымызды қантпен қамтамасыз ету. Бұл ретте сапалы тұқымдарды пайдалануға назар аудару қажет, біз осы мәселе бойынша семинар өткізетін боламыз, - деді облыс басшысы.

Сонымен қатар жергілікті аграрлық сектордың дамуына оң әсер ететін бірнеше жобаның жүзеге асырылып жатқандығы айтылды.

Меркі ауданында 3,5 млрд теңгеге 41 арнаны қайта жаңғырту және 5,6 миллиард теңгеге 46 ұңғыманы салу жобалары жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар ауыл шаруашылығы саласына оң әсер ететіні сөзсіз, - деп мәлім етті Меркі аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Серік Құралбай.


Өзгелердің жаңалығы