Жамбыл облысында 9 мың гектарға қант қызылшасы егіледі

10 Мамыр 2019, 11:04
2467
Бөлісу:
Жамбыл облысында 9 мың гектарға қант қызылшасы егіледі
Фото: автордан

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысындағы стратегиялық маңызы бар Меркі қант зауыты өткен жылы қаржы жетіспеушілігінен 100-ден астам шаруа қожалықтың қаражатын бере алмай, қарызданып қалған болатын. Бүгінде кәсіпорын берешегінің бір бөлігін қайтара бастады.

Десе де, қарыздың уақытында қайтарылмауы көктемгі қауырт жұмыс кезінде диқандарды әжептәуір екі ойлы қылып қойды. Тіпті кейбір шаруалар балтамыр алқабының көлемін еселеп қысқартуға мәжбүр.

Меркі қант зауыты қызылшашыларға 671 миллион теңге шамасында берешек көрінеді. Өндіріс орны өткен жылы 270 шаруа қожалығынан 135 мың тонна қант қызылшасын қабылдап алған. Оның құнын 90 күнде қайтаруы керек болатын.

«Қант алған компаниялар бізге де қарыз болып қалды. Олар да берешегін қайтаруға асығар емес. Сондықтан Жамбыл облысындағы 65 шаруа қожалығына біз де тиісті ақшасын бере алмай қалдық», – дейді келісім-шарт міндеттерін бұзған Меркі қант зауытының директоры Нұржан Қарғабаев.

Мамандар кәсіпорынның шаруалар алдындағы қарыздануының кесірінен Жамбыл облысында себілуі тиіс қант қызылшасы алқабының көлемі азайып қалғанын айтады. Мәселен, Иса Фейзуловтың шаруа қожалығы қант қызылшасын егуге 100 гектар жер дайындаған. Бірақ зауыт қарызын уақытында қайтармағандықтан, тыңайтқыш сеуіп әзірлеген жер теліміне арпа мен бидай тұқымын егіпті. Дегенмен, кейбір диқандар қолда барымен балтамыр егуді бастап үлгерген.

Айта кетейік, биыл Жамбыл облысындағы 9 мың гектарға жуық алқапқа қант қызылшасы егілмек. Бүгінге дейін оның 2 мың гектардан астамына тұқым себіліп қойған.

«Егер Меркі қант зауыты міндетін дұрыс орындағанда, көрсеткіш бұдан да жоғары болатын еді», - дейді Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы.

Енді Меркі қант зауыты «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан 500 миллион теңге қаражат алып, қызылшашылардың қарызының белгілі бір бөлігін өтемек. Ал корпорацияның қаржысын кейін өнім түрінде қайтаруға ниеттеніп отыр. Қалған бөлігін өздерінің есептерімен төлеуді мойындарына алған.

«Егер өндіріс орны қарызын уақтында төлемесе, үстемеақысымен беретін болады. Бұл бұрынғы келісімшартта қаралмағанымен, бұдан былай төленетін уақыт мерзімі 120 күн болып белгіленді. Қарыздың жартысын 90 күнде төлейді. Қалған 50 пайызын аталған 120 күнде береді», – деп түсіндірді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев.

Жамбыл облысындағы қызылшашыларға қатысты тағы бір жаңалық, биыл зауыт қызылшаның килограмын 10 теңгеден қабылдайды. Өткен жылы бағасы 8 теңгеден есептелген. Бұл шаруаларға кәдімгідей демеу болатыны анық. Сондай-ақ алыстағы аудандарға өнімді зауытқа 150-200 шақырым қашықтықтан жеткізу тиімсіз болатын. Осы түйінді проблеманы шешу мақсатында Шу ауданынан қант қызылшасын қабылдау бекетін салу жұмыстары қолға алынды.
Өзгелердің жаңалығы