ШҚО, Маңғыстау, Жамбыл облыстарында індет жұқтырған соңғы науқастар жайлы

23 Сәуір 2020, 10:29
2345
Бөлісу:
ШҚО, Маңғыстау, Жамбыл облыстарында індет жұқтырған соңғы науқастар жайлы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы Жамбыл, ШҚО, Маңғыстау облыстарында коронавирус індетін жұқтырған соңғы науқастар туралы мәлімет таратты.

Коронавирус инфекциясы Шығыс Қазақстанның тағы үш тұрғынында тіркелген. Қауіпті инфекция Семей қаласының екі тұрғынында анықталып отыр. Атап айтқанда, аурухадан тыс жағдайда пневмониямен ауырған 1984 жылғы әйел адамнан скринингтік ПТР тестілеу оң нәтиже көрсеткен. Коронавирустың екінші жағдайы 1972 жылы туған әйел адамда профилактикалық тексеру барысында анықталды. Өскемен қаласының 1949 жылғы тұрғыны, әйел адам алгоритмге сай, COVID-19-ға 21 сәуірде коронавирус расталған науқаспен байланыста болған тұлға ретінде тексерілді. ПТР талдауы оң нәтиже көрсетті. Қазіргі уақытта науқастар инфекциялық стационарға оқшауланып, қажетті ем алуда. Қазіргі уақытта олармен байланыста болған азаматтарды анықтау және оқшаулау бойынша эпидемиологиялық тексеру шаралары күшейтіліп, қарқынды түрде жүргізілуде - делінген хабарламада.

Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, үш жаңа жағдай бойынша 6 ошақ анықталған. 33 байланыста болған адам тіркелген. Оның ішінде, жақын байланыстағылар саны - 18, потенциалды - 15.

Жалпы, осы уақытқа облыс бойынша КВИ расталған 15 жағдайы тіркелді.

Жамбыл облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы екі адам анықталды. Олар Байзақ ауданының және Тараз қаласының 1998 жылғы тұрғындары. Екеуі де өздеріне дейін вирусты жұқтырған адамдармен байланыста болғаны үшін карантиндік стационарға жатқызылған. Үй ошақтары бойынша 6 қарым-қатынас жасаған адам анықталды. Олар карантиндік стационарға жатқызылып, ПТР талдауға сынамалар алынып жатыр - делінген штаб мәліметінде.

23 сәуірдегі жағдай бойынша Жамбыл облысының аумағында коронавирус инфекциясын жұқтырған 79 адам тіркелген. Жалпы 31 адам сауығып шыққан және қазіргі таңда дәрігерлердің бақылауында үй карантині режимін сақтап отыр.

Маңғыстау облысында  коронавирус жұқтырған 1 адам анықталды. Ол 24 жастағы Ақтау қаласының тұрғыны. Коронавирус инфекциясын жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болуына байланысты карантиндік стационарға жатқызылып, зертханалық сынама алынған. ПТР диагностикалық зерттеу нәтижелері бойынша COVID-19 диагнозы нақтыланды. Казіргі уақытта науқас облыстық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне орналастырылды. Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді. Эпидемияға қарсы іс-шаралар қолға алынған - делінген хабарламада.

Қазіргі жағдай бойынша өңірде 19 адамның COVID-19 вирусын жұқтырғаны анықталды.  

Өзгелердің жаңалығы