Жалған ақпарат беріп отырсыздар ма? Депутат министрге интернет қосылды деген ауылдарды аралап қайтуды ұсынды

28 Қазан 2019, 12:30
6628
Бөлісу:
Жалған ақпарат беріп отырсыздар ма? Депутат министрге интернет қосылды деген ауылдарды аралап қайтуды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Нұртай Сабильянов 2 жылдың ішінде 3324 ауылға интернет қостық деп айтқан цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевке шүйлікті.

"Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасында 2021 жылға дейін халық саны 250 адамнан асатын елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету қарастырылған. Бұл жөнінде министр айтты. Бірақ сан айырмашылықтары бар. Қазіргі кезде осындай 250 адамнан асатын ауылдардың саны – 4204. Енді министрлік 2018 жылдан бастап, 2020 жылға дейін талшықты-оптикалық кең жолақты интернетті 1250 ауылға тартып отыр. 2017 жылға дейін елімізде интернетпен қамтамасыз етілген 1228 ауыл болды. Екеуін қосатын болсақ, 2478 ауылдық елді мекен 2020 жылға дейін интернетке қосылады екен. Сонда айтайын дегенім, интернетпен қамтамасыз етілмеген 1726 ауылдық елді мекен қайда кетті, құрметті министр мырза (цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевке қарата айтты)! Оны қалай қамтамасыз еттіңіздер? Әлде жалған ақпарат беріп отырсыздар ма?", - деді Нұртай Сабильянов.

Оның айтуынша, 2017 жылдың 15 ақпанында Мәжілістің жалпы отырысында төраға Нұрлан Нығматулин сол кездегі ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтан "Еліміздегі ауылдық елді мекендер интернетпен қашан толық қамтасыз етіледі?" деп сауал қойылған екен.
"Министр мырза, 2017-2019 жылдары 1291 ауылдық елді мекен қамтасыз етіледі. Ал қалған 4000 ауылдық елді мекенге интернет 2025 жылға дейін қосылады деп айтқан. Оны біз ұмытқан жоқпыз. Сіздер болсаңыздар, 2 жылдың ішінде 3324 ауылға интернет қосып беріп отырсыздар. Ауылдарды көріп жүрміз, 250 тұрмақ, 1000 адамнан асатын ауылдарда жоғары жылдамдықты интернет жоқ. Берген ақпараттарыңызды оқитын болсақ, Beeline, Kcell, Tеlе 2 операторлары Қазақстандағы 1600 ауылды 3G интернетімен қамтамасыз етіп тастады делінген. Мен ондай мәліметті Beeline мен Kcell-ден ала алмадым. Ондай ақпарат жоқ. Сонда қалай болды? Біз енді "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасын қалай орындаймыз? Яғни жалған ақпараттан гөрі әрі ауылда жоғары жылдамдықты интернет болу керек. Ол бәлкім 2020 жылы аяқтала қоймас, бірақ 2021 немесе 2022 жылы оны орнатуға болады деп ойлаймын", - дейді депутат.

Оның айтуынша, Қазақстан интернеттің жылдамдығы бойынша былтырғы жылмен салыстырғанда әлемдік рейтингте төмен түсіп кеткен.
"Ауылға барғанда тұрғындар интернет жоқ деген кезде кейде біз ұятқа қаламыз. Сіздер мына жақта қағаз жүзінде бәрін қатырып қоясыздар, ауылдық жерлерге барсаңыздар, жоғары жылдамдықты интернет жоқ. Одан кейін әлемдік рейтингте Қазақстан интернеттің жоғары жылдамдығы жөнінен 2018 жылы 57-орында болса, 2019 жылы 64-орынға түсіп қалды. Бұл, яғни жұмыстың нашарлығын көрсетеді. Егер де ақпартыңыз рас десеңіз, сіз айтқан 3324 ауылды барып көрейік. Мен дайынмын!", - деді Нұртай Сабильянов.


Өзгелердің жаңалығы