Жақсылық Үшкемпіров туралы жазғанда жиі қателесетін жайттар мен деректер

5 Тамыз 2020, 09:18
13379
Бөлісу:
Жақсылық Үшкемпіров туралы жазғанда жиі қателесетін жайттар мен деректер
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2 тамыз күні қазақтың даңқты спортшысы, грек-рим күресінен 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров дүниеден өтті. Бұл қаза еліміздің қабырғасын қайыстырып кетті.

Жақсылық Үшкемпіровтің есімін артындағы қара ормандай қазақ халқы ұмытпасы анық. Осы ретте атақты спортшы жайлы қызықты деректер мен естеліктердің бір парасын бөлісуді жөн көрдік.

Тегі мен әкесінің аты құжатта қате жазылған

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап, көңіл айтқандардың барлығы Жақсылық Әмірәлиұлы Үшкемпіров деп жазды. Тірі кезінде спортшының өзі бұл турасында айтып кеткен болатын.

Менің шынайы аты-жөнім – Жақсылық Үшкемпірұлы Әміралиев. Бір жолы интернет желісінде әкемнің орны мен тегімнің орындары ауысып жазылғанын байқадым. Негізі – әкемнің аты Үшкемпір, ал Әмірәлі – атам болатын, – деген еді "Қазақстан тарихы" порталына берген сұхбатында.

Спорт журналисі Қайрат Әбілдә өзінің Facebook-тегі парақшасында былай деп жазды:

Иә, әйгілі балуан әлемге Әмірәлиев деген фамилиямен танымал болуы керек еді. Жақсылық Үшкемпірұлы Әмірәлиев. Интернатта оқып жүргенінде әлдекімдер әкесінің аты мен фамилиясының орындарын ауыстырып, құжатына солай жазып жіберген ғой, – дейді Қайрат Әбілдә.

Айханов үшін еркін күрестен кеткен

Жақсылық Үшкемпіров әуелде грек-риммен емес, еркін күреспен айналысқан. Ол кезде Владимир Ливенхай деген бапкерден тәлім алған. Тіпті, ересектер арасында Қазақстан чемпионы да атанған. Бірақ әрі қарай КСРО чемпионатына қатыса алмайды. Оған себеп – қазақтың даңқты балуаны, Қажымұқанның ізбасары саналған Әбілсейіт Айханов екен.

Мен жас болғандықтан, Әбілсейіт аға чемпионатқа қатысатын спортшылардың қатарына қоспады. Барлық қарсыластарым өте тәжірибелі болатын. Қазақстан біріншілігінде кездейсоқ чемпион болды деп ойлады. Бұл еркін күрестен қатысқан алғашқы чепионатым еді. Сөйтіп, менің орныма басқа бір спортшы Кеңес Одағының жарысына қатысты. Әрине, жүрегімде реніш пайда болды, алайда ол туралы ешкімге тіс жармадым. Алға ұмтылу керек деп шештім. Уақыт өте келе бұрынғы өкпе-реніштің ізі де қалмады, – деген болатын тірі кезінде Жақсылық аға "Қазақстан тарихы" порталына берген сұхбатында.

Еркін күрестен классикалық (грек-рим) күреске ауыспағанында спорттық тағдыры мүлдем басқаша болып қалыптасар ма еді, кім білген..? Он сегіз жасында болу керек, еркін күрестен ересектер арасында Қазақстан чемпионы атаныпты. Сол кезде құрама команданың аға жаттықтырушысы болған Әбілсейіт Айханов КСРО чемпионатына "әлі жас" деп апармаған екен...

Қайрат Әбілдәнің бұл туралы жазғаны да көңілге қонымды көрінді.

Ет пен терінің арасында өкпе болған, әрине. "Кейін бәрін де ұмытып кеттім" дейді естеліктерінің бірінде әйгілі балуан. Еркін күресте есік жабылған соң, күшін классикалық күресте сынауға тура келген. "Ә" дегенде Қазақстанның чемпионы атағын жеңіп алыпты. Одан кейін Олимптің шыңын, әлемдік доданың асқарын бағындырды. Алла тағаланың қалауы солай болған шығар, классикалық күрес Жақсылық Үшкемпіров сынды балуанның бағын ашты, атағын дүние жүзіне жайды, есім-сойын әлемдік спорт тарихының жылнамасына алтын әріптермен жаздыртты, – дейді спорт журналисі.

Тұңғыш чемпион – Жармұхамедов

Кейде біреуге жағыну үшін тым әсерлеп айтқанды жақсы көретініміз жасырын емес. Ал кейбірі білмей жатады. Сондықтан тағы бір рет еске түсіргенді құп көріп отырмыз. Бұл Жақсылық Үшкемпіровті төмендету емес немесе басқа себебі жоқ. Бар болғаны – тарих үшін шынайы деректі ел есіне салу. Өйткені әлеуметтік желідегі жазбалар болсын, әртүрлі ақпарат агенттіктері бар "Қазақтың тұңғыш Олимпиада чемпионы қайтыс болды" деп жазды. Шын мәнінде "Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы" – Әлжан Жармұхамедов. Ол Үшкемпіровтен 8 жыл бұрын 1972 жылы Мюнхен Олимпиадасында баскетболдан 4 жылдықтың басты додасын жеңіп алған. Сөйтіп, ұлты қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды.

Осы ретте айта кетейік, Әлжан Жармұхамедовтің руы – кіші жүздің Жаппасы. Өйткені кейбіреулер Мәскеуде тұратын чемпионның қазақ екеніне күмән келтіріп, руын сұрап жатады. Сондықтан жазып отырмыз.

Ал Жақсылық Үшкемпіров күрестен, жалпы жекпе-жек түрлері бойынша тұңғыш Олимпиада чемпионы екені сөзсіз. Бастысы, осы жағын шатастырмауға тырысайық.

Қонаев "Бір жапырағым" деп еркелеткен

Қыдырбек Рысбек, Төлеген Жәкітайұлы секілді журналистер балуан туралы кітаптарында спортшыны Одақ тұсында Қазақстанды басқарған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың Жақсылық Үшкемпіровпен кездескенде "менің бір жапырағым" деп еркелеткенін жазады.

Мысалы, Төлеген Жәкітайұлы балуан туралы жазған сұхбат-хикаят кітабында Жақсылық Үшкемпіровтің өзі баяндап береді.

Олимпиада жеңімпазы болып елге оралғаннан соң, Димаш аға Қонаев көмекшісі Д. Бекежанов арқылы мені іздестіріп, Алматы маңындағы "Қайрат" деген елді мекендегі арнайы демалыс орнына алып барды. Дінмұхамед Ахметұлы таяуда ғана Грекиядан оралған екен. "Грекиядағы Олимпиада тақтасынан сенің аты-жөніңді оқып, көңілім толқып, қанаттанып қайттым, қарағым Жақсылық. Өзің болып па едің онда?" - деді. "Иә, Димаш Ахметович, болғам", – деп жауап бердім. Мені қолтығына алып тұрып ол көпшілікке қарап: "Құрметті азаматтар! Жастар – болашақтың иесі. Мен тарихта қалармын, мүмкін қалмаспын, бірақ мына бір жапырақ болса да, ел мен жердің атын шығарған Жақсылық сияқты жігіттер қазақтың тарихында алтын әріппен жазылатыны даусыз. Бұл "менің бір жапырағымды" ұмытпаңдар, қолдаңдар, мақтан етіңдер. Жақсылық сияқты жастар – біздің жарқын болашағымыз, мақтанышымыз. Жақсылықтар – жастардың рухын көтеретін нағыз азаматтар" деп толқи сөйлегені есімде, – дейді Жақсылық Үшкемпіров.
WhatsApp Image 2020-08-05 at 09.04.10.jpeg

Ер есімі ешқашан ұмытылмайды

"Жақсылық Үшкемпіров қайтыс болды" деген хабар елдің еңсесін түсірді. Спортшыға көңіл айтып жатқан адамның санында есеп жоқ. Біріккен күрес әлемінің (UWW) президенті Ненад Лалович, Ресей күрес федерациясы секілді шет жақтардан да көңіл айту жеделхаттары келді.

Сонымен қатар, елдегі ізін басқан спортшылар, бапкерлер, қатар жүрген журналистер барлығы естеліктерімен бөлісіп жатыр. Солардың арасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіп Жүнісбайұлының естелігінен үзінді ұсынғанды жөн көрдік. Екеуі замандас, 40 жылдан астам аралас-құралас болып келе жатқан азаматтар еді.

WhatsApp Image 2020-08-05 at 09.04.10 (1).jpeg

Қазақ қоғамы кімнен айырылғанын білесіздер ме? 

Білемін дейсіздер, әрине. Күрестен Олимпиада чемпионынан, әлем чемпионынан, Қазақстанның ЕҢБЕК ЕРІНЕН айырылдық дерсіздер. Қате жоқ. Бірақ бұлар Жақсылықтың ту сыртынан жазылған, әркім оқи алатын атақ-даңқтары ғана. Бір жапырақ қана батыр жігіттің Отан үшін, ел үшін, ұлт үшін қажет, санасаң санына жетпес, ұлы қасиеттерінің бәрі оның табиғатына жататын. Жақсылық - сөз бен істің адамы еді, екеуін де ар-ұятпен орындайтын! Жақсылық - мақсат қоя білу мен соған жету жолын өз қолымен салып көрсеткен феномен! Жақсылық чемпион болуды ғана емес, чемпион өзін қалай ұстауы керек екенін тұтас қазақ қоғамына сабақ ретінде көрсеткен ұстаз! Жақсылық - Қалқаман Сарин балам жазғандай, Қолы да таза ары да таза, жолы да таза Қазақ қоғамы ел болып үлгі алатындай алтын тайтұяқ! Жақсылық ата-анасынан халқы үшін туып, бар ғұмырын халқы үшін өткізе алған сирек тұлғалардың бірі! Жақсылық - қарапайымдықтың чемпионы! Ол қартпен де, баламен де жүрегін алақанына салып тұрып сөйлесе алатын! Өзін сол көп қазақтың бір шырпысындай ғана көріп, кеуде де кермейтін, талтаңдап жұрттан ұзамайтын да! Көп сөзіме мысал болсын, Жақсылық Олимпиада чемпионы болған соң ел аралап, чемпионды халқымен жүздестірдік. Сондай бір сапар тарихи Торғай облысына болды. Бұл сонау 1984 жылдың қимас бір күндері еді, – дейді Несіп Жүнісбаев.


Өзгелердің жаңалығы