Жағдайдың қиын екенін толық түсінбейтіндер көп - Марат Бәшімов

29 Шілде 2020, 16:24
1355
Бөлісу:
Жағдайдың қиын екенін толық түсінбейтіндер көп - Марат Бәшімов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Бәшімов Президент карантин шараларын екі аптаға ұзарту тапсырмасына қатысты пікірін білдірді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев карантинді тағы екі аптаға ұзартты, меніңше, өте дұрыс шешім. Өйткені, Президент атап өткендей, шілде айында енгізілген шектеу шараларыны оң әсерін бере бастады. Енді елдегі эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуін ескере отырып, тағы да жалғастыру қажет болды. Егер қазір бәрін ашып тастасақ, жағдайды ушықтырып аламыз. Қазіргі кезде көптеген азамат үйінде емделіп жатыр. Әлсіздік, терлеу және бас ауруының әлі де тоқтайтын түрі жоқ. Дәрігерлердің айтуынша, тіпті ауырған адамның қайта қалпына келуі үшін кем дегенде бір ай керек, - дейді Марат Бәшімов.
Оның айтуынша, адамдардың көбі әлі күнге дейін жағдайдың қиын екенін толық түсінбейді.  

Көшеде маскасыз, әлеуметтік қашықтықты сақтамай жүргендерді әлі көріп жүрміз. Сондықтан карантин шараларын меніңше қатаң сақтауды екі аптаға ұзарту керек болды. Бұл дұрыс шешім. Жауапсыз адамдар көп, бұл жұқпалы ауру екенін түсінейік. Коронавирус - қауіпті індет. Адамға 1,5-2 метрден жұғады. Сондықтан әлемде адамдар бір-бірінен алшақтап жатыр. Ол тек мұрынға ғана емес, сонымен қатар көздің қарашығына да түседі. Тіпті, масканың өзі қорған бола алмауы мүмкін. Ең дұрысы, қашықтық сақтау, - дейді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.
Оның айтуынша, Президент дабыл қаққаннан кейін елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсара бастаған.  
Мемлекеттік органдар, әкімдер жұмыс істей бастады. Мұны статистикадан да байқауға болады. Ауруханаларға дәрілер уақтылы жеткізілуде. Маусым айы мен шілденің басында жетіспеген жасанды өкпені желдету аппараттары көптеп әкелініп жатыр. Бірақ босаңсуға әлі ерте. Мемлекет басшысы коронавирустық инфекциядан болатын өлім-жітімді азайтудың маңыздылығын атап өтті. Ресми мәліметтерге сәйкес, биылғы жылдың 5 шілдесінен бастап қатаң карантиндік шаралар енгізілгеннен кейін індет жұқтырғандар саны 29%-ға төмендеген. Ауру жұқтырғандардың саны тәулігіне 1500-1600 адам деңгейінде тұрақтанды.  Ауруханалардың жүктемесі 43%, оның ішінде реанимация бөлімшелері 27%-ға төмендеді. Жазылып кеткендердің саны 63%-ға дейін өсті, жедел жәрдем шақыратындар азайды, - дейді Марат Бәшімов.

Өзгелердің жаңалығы