Бас жаңалықтар
Жаңаөзен тұрғыны қауіпті вирус жұқтырды
08 Сәуiр 2020, 19:45 1288

Жаңаөзен тұрғыны қауіпті вирус жұқтырды

Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Жаңаөзен қалалық ауруханасының привизорлық бөлігіне шұғыл жеткізілген науқастан COVID-19 анықталды.

46 жастағы әйел дене қызуы көтерілген соң үйіне жедел жәрдем шақырған. Алынған қан талдауы қауіпті вирустың бар екенін көрсетіп отыр.

Науқас адамның ағзасына зертханалық және диагностикалық тексерулер жүргізілді. Қазір ол жұқпалы аурулар бөлімінің бокс палатасына ауыстырылды. Ол жерде жеке қорғаныс құралдарымен толық жарақтанған терапевт, реаниматолог және инфекционист дәрігерлер өз жұмысын атқарып жатыр. Бокс палата қажетті техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталған, - деп хабарлайды өңірлік денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.
Коронавирус жұқтырған әйел тұратын үйдің аумағында дезинфекциялық жұмыстар жүріп жатыр. Науқаспен байланыста болған адамдар саны анықталуда. Соңғы деректерге сүйенсек, бүгінде мұнайшылар қаласында тоғыз адам карантиндік стационарға жатқызылған. Тағы 23 тұрғын үй карантинінде жатыр.

Жалпы Маңғыстау облысы бойынша қазіргі уақытта 6 адам COVID-19 жұқтырғаны белгілі болып отыр. Бесеуі Ақтауда облыстық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде, соңғысы бүгін Жаңаөзенде анықталды.

Бір науқастың жағдайы ауыр деп бағалануда, қалғаны орташа тұрақты. Соңғы екі ай ішінде облыс аумағында 1291 вирусологиялық тексеріс жасалды. Орталық ауруханада провизорлық стационарда 57, ал обсервациялық стационарда 30 адам тұрақты бақылауда. Үй карантиніне жатқызылған 368 тұрғынмен телефон арқылы байланыстамыз, - дейді аймақ дәрігерлері.

Тақырыпты толықтыра кетейік, Маңғыстау өңіріндегі обсервациялық стационар 810 кереуеттік, қажет болған жағдайда ғимарат ішіне қосымша 330 кереует қоюға болады. Провизорлық станционар 316 адамға шақталған, бұдан бөлек 70 науқасты қабылдауға қауқарлы инфекциялық станционар да жұмыс істеп тұр.

Соңғы нысанда қосымша 135 орын қосу мақсатында бос тұрған бөлігінде жөндеу жұмыстары басталған. Мұнда ауыр жағдайдағы науқастар үшін интенсивтік терапия, сондай-ақ хирургиялық, акушер-гинекологиялық орталықтарын ашу күн тәртібінде тұр.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...