Жаңа заң қабылданды: Мәжілістің бір комитетін енді оппозиция өкілі басқарады

6 Мамыр 2020, 12:47
3140
Бөлісу:
Жаңа заң қабылданды: Мәжілістің бір комитетін енді оппозиция өкілі басқарады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында "Парламент және оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын қабылданды.


Баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің айтуынша, заң жобасының негізгі мақсаты - оппозиция түсінігін заңнамалық деңгейде енгізу, оның мәртебесі мен құқықтық кепілдемелері осы кезеңде шынымен де жүзеге асырылады.

Заң жобасына "парламенттік оппозиция" ұғымы енгізіліп отыр.
Парламенттік оппозиция парламенттік көпшілікке енбейді. Парламенттік көпшілікке қарағанда оппозиция саяси және әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты басқа позицияны ұстанады.Парламенттік оппозицияға қандай да бір мәселе бойынша өз ұстанымын білдіруге кепілдік беру көзделген. Мемлекет пен қоғам өмірінің өзекті мәселелері бойынша парламенттік тыңдауларға бастамашылық жасау, парламенттік сессияда кемінде екі рет "үкімет сағаттарының" күн тәртібін айқындау құқығы беріледі. Сондай-ақ оппозиция өзі келіспейтін үкіметтің заң жобаларына балама ұсынатын болады, - деді депутат.   
Заң жобасында саяси партиялар фракциялары басшыларының Парламент палаталарының бірлескен отырыстарында, Парламент Мәжілісінің жалпы отырыстарында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдаулар мен өзге де іс-шараларда сөз сөйлеуге кепілдік берілген құқығын бекіту көзделеді.
Кез келген парламенттік іс-шараларда парламенттік көпшіліктің орны, рөлі шешуші екенін бәріміз жақсы білеміз. Ал осы заң жобасының мақсаты парламенттік оппозицияның құқықтарын іске асыру. Қоғамды алаңдататын проблемаларды көшеде емес, парламент қабырғасында көтерген дұрыс деп санаймыз. Сол үшін оппозицияға сессия сайын өзекті тақырыптарды парламенттік тыңдаулар деңгейінде көтеруге мүмкіндік беруіміз керек, - деді Перуашев.
Сондай-ақ отырыста бұл заңға ілеспе заң жобасы да қаралды. Оған сәйкес, мәжілістің бір тұрақты комитетінің төрағасы тек оппозиция депутаттарының арасынан сайланады.

Осы орайда Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин өз пікірін білдірді.
Енді заң бойынша парламенттік оппозиция кемінде бір рет осы біздің парламенттік тыңдауға бастамашы болуға мүмкіндік пен кепілдік береді. Мұндай бұрын болмаған. Енді біз оны заң бойынша енгізіп отырмыз, - деді Нығматулин.
Мәжіліс заң жобаларын бірауыздан мақұлдады.


Өзгелердің жаңалығы