Жүрек аурудан ғана емес, пиғыл, пейіл жағынан да таза болуы керек – Сейтхан Жошыбаев

17 Маусым 2019, 10:05
5232
Бөлісу:
Жүрек аурудан ғана емес, пиғыл, пейіл жағынан да таза болуы керек – Сейтхан Жошыбаев

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде кардиохирургия дамудың жаңа сатысына көтерілді. Бұған жекеменшік ғылыми клиникасын мегаполисте емес, аймақта ашып, жоғары медициналық көмектің қолжетімділігін арттырған Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, жүрек-қан тамырлары хирургтары Ассоциясының президенті, II дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Сейтхан Жошыбаев бастаған «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығының» қызметкерлерінің қосқан үлесі елеулі. Орта Азия аумағында жүрекке имплантация да ең алғаш осында жасалған. Сондықтан да Тараз қаласындағы бірден-бір ғылыми-клиникалық негізде жұмыс істейтін орталыққа арнайы барып, бас директормен сұхбаттасқан едік.

– Сейтхан аға, Жошыбаевтың орталығын жамбылдықтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтар жақсы біледі. Алғаш ашылған кезден-ақ, сапалы медициналық көмек көрсету арқылы жағымды пікір қалыптастырған клиника 10 жылдан аса уақытта аяғынан нық тұрды десек, артық айтпаймыз. Дегенмен жұрт таныссын, орталықтағы жыл сайын енгізілетін жаңалықтар мен оң өзгерістер жайлы айтып берсеңіз...

– Негізі ең алғашқы отаны 2007 жылдың 22 желтоқсанында жасадық. Ал салтанатты шараны 2008 жылдың наурыз айында өткіздік. Сөйтіп Тараз қаласындағы Т.Рысқұлов атындағы санаторийдің бір ғимаратында жұмысымызды бастадық. Онда әншейін «Кардиохирургия орталығы» болып аталатынбыз. Себебі, ол кезде ғылыми клиника деп атауға жағдайымыз сай келмейтін. Ғылыми еңбек жасау үшін бірталай дүние керек қой. Алдымен сәулетті әрі кең ғимарат қажет. Ол жер операция жасап, ем-шараларын жүргізумен қатар, зерттеу жұмыстарын жүргізуге лайық болуы тиіс еді.

Біз одан басқа да алдымызға үлкен жоспар қойдық. Міне, соңғы жылда алға қойған мақсатымыздың барлығы орындалмаса да, біраз нәрсе жасадық деп ойлаймын. Себебі аяғымызға тұрып, ғимаратымызды жаңғыртып, жан-жағымызды оңдап, жаңадан құрылғылар алып, қазіргі заманға сәйкес, инновациялық жаңа технологияларға қол жеткіздік. Олармен жұмыс істеуді үйрендік, Құдайға шүкір білімді-тәжірибелі жастарымыз көп.

– Орталыққа ғылыми-клиникалық дәреже берілуінің өзі тегін емес қой. Кардиохирургиялық операциялардың көптеп жасалып жатқанын білеміз, сіздердің тынымсыз ізденістеріңіздің өзі трансплантацияға көшу емес пе?

– Орталықтың тек қана кардиохирургия емес трансплантология деп атауымыздың бір ғана себебі бар. Ол – тұрғындарға сапалы жоғары медициналық көмекті қолжетімді ету. Трансплантологияның өзі екіге бөлінеді. Біріншісі – ағзаларды алмастыру (бүйрек, жүрек, өкпе, бауыр). Екіншісі – жасуша технологиясы. Адамзат өзі жасушадан жаралады ғой. Жас клеткадан ағзаға қажетті бөлікті өсіру және трансплантациялау регенеративті технология деп аталады. Ре – дегеніміздің өзі қайта жан беру. Біз қажетті ағзаларды жасушадан өсіріп, емдеуге пайдалану жағын қарастырып жатырмыз. Соңғы жылдары осы салаға көңіл бөле бастадық.

2017 жылы өзіміздің бір қызметкеріміз осы сала бойынша доктарантураға өтті. PhD докторлығын қорғаған соң, оған тәжірибе жүзінде ағзаларды алмастыру үшін арнайы лобаратория керек. Бүгінде орталықтан сондай лобаратория аштық. Барлық жабдығын алдық. Ең соңғы құралдарда жеткізілді. Оған Англиядан Оксфордты бітіріп келген биотехнология жағын жетік меңгерген, таза ағылшын тілін білетін Дархан деген жігітті жетекші етіп бекіттік.

Трансплантацияда түбі регенеративті технологияға көңіл бөлінеді. Себебі, адамдардың ағзалары бір-біріне сәйкес келмеуі мүмкін, қан топтары сияқты. Ал қайта жан берген жасуша технологиясы көп түйткілдің шешімі болары анық.

– Орталық дәрігерлері трансплантация жасауға дайын ба? Мамандардың біліктілігін арттыруда, тәжірибе алмасуда қай елдермен байланыс орнаттыңыздар?

– Ең көп жүрек алмастыру оталары Үндістанда жасалады. Алдыңғы жылы сол жақта 1 ай жүріп, көп нәрсе үйрендік. Былтыр Түркияға бардық, онда біздің 7 адамдық топ, операцияларға қатысты. Мен өзім 10 күн болдым. Біз жүрек алмастыруды оқып-біліп, көріп, білімімізді шыңдадық. Бұны үш жыл бұрын бастағанбыз. Бір маманымыз Түркияға барып, 6 ай оқып келді.

Трансплантологиялық операцияда ең маңыздысы – донорлық. Бізде ол дамымай қалған. Сондықтан, көп жағдайда жасанды жүрек қояды. Соны игереміз деп бардық. Айналдырған бір аптаның ішінде сондай 2 отаны көрдік. Түркия жасанды жүрек алмастыру жағынан дүниежүзінде тәжірибиесі көп ел десек болады. Онда 250-дей адам кезекте тұрып, күнделікті тексеріліп тұрады екен. Соны көріп келдік. Жалпы хирургтарға терең біліммен қатар, техниканы да үйрену қажет. Хирургияның өзі қол өнері ғой. Қолды жақсы жаттықтырмаса, болмайды.

Осыдан үш жыл бұрын халықаралық конференция өткізгенбіз. Адамның жүрегі әбден шаршағанда, аяқ-қолы ісініп, жүре алмай қалған кезде не істеуге болатынын шетел мамандарын шақырып, талқыладық. Сонда бізде Қытайдан, Ресейден, Үндістаннан, Туркиядан жақсы мамандар келген. Былтыр мамырда тағы да конфереция өткіздік. Оған Америкадан, Жапониядан жаңағы регенеративті технологияны меңгерген профессорлар келді. Жапониядан келген маман дүниежүзіне танымал. Мақсат біреу – орталықта жақсы, маңызды істер істеп жатқанымызды ел көрсін деген ой. Трансплантациялық оталар жасауға барлық жағынан дайын екенімізді көрсету.

Осы басқосуға дейін бүйрек алмастыру операциясын өткіздік. Одан кейін жасанды жүрек алмастыруға қол жеткіздік. Түркиядан Мұстафа деген профессор, менің оқушым Юрий Пяны шақыртып, жасанды жүрек алмастыру операциясын жасадық. Бізге алдымен дәрігерлердің сенімін арттыру керек болды. Себебі, барлығы содан басталады. Одан кейін дәрігерлер ауруларға түсіндіре бастаса, трансплантация алға қарай жылжиды. Қазақта мақал бар ғой «Басы ауырмағанның Құдайменен ісі жоқ» деген. Сол сияқты елімізде жүрекке ота жасалатынын білмейтіндер көп.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік бес бастама көтеріп, әлеуметтік салаға үлкен серпіліс әкелді ғой. Ендігі сондай үлкен бір қадам медицинада жасалады деп ойлаймын. Себебі, өңірлерде медицина дамып жатыр, трансплантация жасалуда. Алайда, рұқсат алуға біршама уақыт керек. Негізі бүйрек, бауыр алмастыру оталары Алматыда, Ақтөбеде жасалып жүр. Қазір Шымкентте де қолға алынған. Жүрек, өкпені Астанада ауыстырады. Қазақстанда бүйректі алмастыра бастағанымызға 30 жыл болды. Ал жүрекке 5 жылдан енді асты. Осындай жоғары медициналық көмек өңірлерде де көрсетілсе. Мысалы, неге Таразды еліміздің медицина орталығына айналдырмасқа. Германияда Берлинде емес, Бонн секілді бірнеше қаласы медицинасы жағынан танымал.

– Бірер жыл бұрын орталықта «Таза жүрек» жобасы қолға алынған еді, қазір тоқтап қалды ма, қалай?

– Жоба жұмысы тоқтаған жоқ. Бұл жобаны біз облыстың денсаулық сақтау саласына көмек көрсету мақсатында қолға алғанбыз. «Таза жүрек» деп бекер атаған жоқпыз. Жүрек аурудан ғана емес, пиғыл, пейіл жағынан да таза болуы керек. Дерттің біразы қара ниеттен туады. Пиғылы жаман жан – уайымшыл, кекшіл, ызалы. Ал ол жүрекке салмақ түсіреді. Ал жобаның бағыты – ауылды жерлерде жүрек-қантамырлары аурулары қаншалықты жайылған және оның себебі неде екенін анықтау. Соны ертерек анықтап, диагноз қоймақпыз. Былтыр Тараздағы №1 емханаға тіркелген 38 мың тұрғынды тексеруден өткізгенбіз. Сосын Жамбыл ауданына бардық. Биыл Т. Рысқұлов ауданының тұрғындарын медициналық тексеруден өткіземіз. Оның барлығы тегін жүргізіледі.

Біздің дәрігерлеріміздің көбісі жастар, 6 баламыз магистратураны, 2 баламыз докторантураны оқыды. Біреуі былтыр оқуын бітіріп оралады. Екеуі жасуша технологиясы бойынша ғылыми ізденіп, білімін жетілдіріп келді.

Менің арманым – халыққа пайдамды тигізу, бәрі ағайыным, туысым, жерлесім, туған елім ғой. Соған көмегімді көрсетсем деймін. Әкем «Алдыңа келген жанға қолыңнан келсе көмектес, көмек көрсете алмасаң, жолын кеспе» деп үнемі айтып отыратын. Ал ауыл кеңесін басқарған Сәлімбай деген ағамыз «Ағайын, туысыңа, туған жеріңе көмектесуді ойла, содан кейін еліңе пайдаңды тигіз» дейтін. Міне, осы сөздер менің өмірлік ұраным болды.

– Әңгімеңізге рахмет!



Өзгелердің жаңалығы