"Жұмыспен қамтудың жол картасы" аясында 404 жас жұмыспен қамтылды

21 Мамыр 2020, 20:27
1037
Бөлісу:
"Жұмыспен қамтудың жол картасы" аясында 404 жас жұмыспен қамтылды

Алматы, BAQ.KZ.  Алматының Жетісу ауданында "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы бойынша 741 адам жұмысқа орналасады.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Жетісу ауданындағы жобалар үлгісінде "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасының іске асырылу барысымен танысты. Онда шағынаудандағы скверлер, яғни, "Көкжиек" ықшам ауданындағы №52 үй бойын, "Көкмайса" ықшамауданындағы Солтүстік  айналма жолы көшесі мен Серіков көшелерінің, сондай-ақ, № 169 және № 171 балабақшалардағы жөндеу жұмыстарының жобалары қаралды.

Сонымен қатар, Жетісу ауданында "ЖЖК" жүзеге асыру жұмыстары 6 балалар үйін, 33 ауланың дренаж жүйесін, 40 аула аумағын және 12 жер үсті жаяу жүргіншілер өткелін, арық желісін жөндеу, сондай-ақ әскери комитет ғимаратын жөндеу бойынша жобаларды қамтиды. Бұдан басқа, жергілікті бюджет аясында Қазыбаев көшесіндегі жаяу жүргіншілер аймағын, 50 аула аумағын және 9 скверді жөндеу жұмыстары басталды.

Осы жылы аталған ауданда "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы бойынша 10 жоба қолға алынып,  741 адам жұмысқа орналасатын болады.  Одан бөлек тағы 11 жоба жергілікті бюджет аясында жүзеге асырылатын болады.

Б. Сағынтаев "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы жұмыссыз қалған қала тұрғындарына жұмысқа орналасуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Қала аумағын абаттандыру мәселесі шешілуде. Алматыда осы бағдарлама бойынша барлығы 26 мың жұмыс орнын қамтитын 214 жобаны іске асыру жоспарлануда. Олардың 13 мыңы Жұмыспен қамту орталығының жолдамасы негізінде жұмысқа орналасады. Бүгінде басталған жобалар бойынша Жұмыспен қамту орталығы арқылы құрылған жұмыс орындарына 1813 адам, оның ішінде 404-жастар жұмысқа орналастырылды.

Қала тұрғындарын жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу мақсатында халықты Жұмыспен қамту орталығы арқылы өзара іс-қимыл жүйесі құрылды. Сонымен, "ЖҚЖК" бойынша жобаларды іске асыру аясында Жұмыспен қамту орталығының базасында тіркелген жұмыссыздарға 50% жұмыс орны беріледі,-делінген хабарламада.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың басынан бері Алматыда халықты Жұмыспен қамту орталығы арқылы тұрақты жұмысқа 4549 адам, уақытша (қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындарына) 3165 адам жұмысқа орналастырылды. Кәсіп алуды немесе біліктілікті арттыруды қажет ететін тұлғалар өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өте алады.
Өзгелердің жаңалығы