Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 300-ден астам бос жұмыс орны құрылды – Жезқазған

19 Маусым 2020, 01:44
1634
Бөлісу:
Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 300-ден астам бос жұмыс орны құрылды – Жезқазған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жезқазған қаласында Жұмыспен қамту жол картасы бойынша 40 жоба жүзеге асырылуда, бұл мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Ол туралы қала әкімі Қайрат Бегімов онлайн-режимде өткен брифингте мәлімдеді.

Жезқазған бойынша Жұмыспен қамтудың жол картасына 4 млрд теңге сомасына 36 қалалық және 4 облыстық жоба енді. 1 098 жұмыс орны ашылады, оның 550-не жұмыспен қамту орталығында тіркелген жұмыссыздарды тарту көзделіп отыр, - деді Қайрат Бегімов.

Инфрақұрылымдық жобаларға жұмыссыз ретінде тіркелген адамдар жіберіледі. Бүгінгі күні Жұмыспен қамту орталығы арқылы 203 адам жұмыспен қамтылды. 300-ден астам бос жұмыс орны өз ізденушілерін күтуде.

Қалада 58 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттерін және шатырларын, әлеуметтік-мәдени, тұрмыстық, білім беру нысандарын, 1,5 шақырымға жуық кәріз және су құбыры желілерін, 34 шақырымға жуық жолдарды жөндеу жоспарлануда. Бұдан басқа, екі саябақ абаттандырылады, 800-ден астам жарықтандыру тірегі орнатылады.

Жезқазғанда, сондай-ақ, қолжетімді тұрғын үй көптеп салынуда. Биыл "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 4 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі. Тұрғындардың әлеуметтік қорғалатын топтары ретінде кезекте тұрғандарды шаршы метрмен қамтамасыз етеді.

"Нұрлы жер" бойынша біздің қалаға миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Егер 2018 жылдан бастап осы бағдарлама бойынша қаражат бір үй салуға бөлінген болса, биыл бірден төрт үй - екі жалға берілетін және екі несиелік тұрғын үй салынады, - деп атап өтті Жезқазған басшысы.

Брифинг барысында Қайрат Бегімов қаладағы эпиджағдайға тоқталып, жезқазғандықтарды санитарлық нормаларды сақтауға шақырды.

Бізде барлығы 165 адам коронавирус жұқтырған. 29 адам сауығып, 136-сы әлі емделуде. COVID-19 жұқтырған адамдардың саны біздің қалада азаймайды. Барлығыңыздан карантин талаптарын қатаң сақтауды сұраймын. Осының барлығы біздің ортақ игілігіміз үшін жасалған, - деді әкім жезқазғандықтарға.



Өзгелердің жаңалығы