Зейнетақыны кіріс көзі деп есептеу дұрыс па - Бекназаров пікірі

18 Наурыз 2019, 16:42
2664
Бөлісу:
Зейнетақыны кіріс көзі деп есептеу дұрыс па - Бекназаров пікірі

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Сенатта Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау бойынша берген тапсырмаларының орындалуы туралы Үкімет сағаты өтті.

Жиында Сенат төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров депутаттардың өңірлерді аралап келгенін және халық Президенттің қазіргі бастамасын қолдап отырғанын айтты.

«Халықтың тұрмысы төмен, аз қамтылған тобының табысын арттыруға бағытталған әлеуметтік шараларды іске асыруда келесі мәселелер әділетті түрде шешілуі қажет. Ең біріншіден, бұл қамқорлық тұрғындарды өз проблемаларын мемлекетке артып, енжарлық пен бейғамдыққа, тіпті масылдыққа ден қоюға ынталандырмау керек. Себебі, бұл көмек жанталасып жұмыс істеп, табыс тауып, немесе соған ұмтылып, өз жанұясын, бала-шағасын өз күшімен бағуға талпынып, соның нәтижесінде төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары табыс тауып жүрген жанұяларға берілмейді. Мейлі, олардың бес саласы, он баласы болсын, олар бұл көмекті алмайды. Сөйте тұра, бұл көмек бұндай еңбекке ұмтылмай, әйтеуір күнін өткізіп, жанын бағып жүрген жанұяларға беріледі. Бір ғана баласы болса да. Бұл мәселе үлкен сұрақ туындатады. Бұл сұрақ жергілікті тұрғындармен өткен кездесулер кезінде көтерілді. Ал егер аз қамтылған отбасыларға берілетін көмектің басқа да шарттары болса, онда ол туралы бүгін жан-жақты бізге жария етіледі деп сенемін», - деді Бекназаров.

Сенатордың айтуынша, халықпен өткен кездесулерде ең төменгі күнкөріс деңгейін анықтау тәртібі туралы да көптеген сын-пікірлер айтылды. 

«Бұл деңгей қандай есеппен анықталады? Аядай бау-бақша еккен немесе 20-30 тауығымен күн көріп отырғандарға бұл табыс көзі болып есептеле ме? Ал аз ғана зейнетақымен жан сақтап жүрген зейнеткерлерімізге қандай талап қойылады? Бұл зейнетақыны оларға кіріс көзі деп есептеу дұрыс па? Олар алып жүрген зейнетақы кезінде олардың өз жалақысынан жинақталған. Қартайғанда күн көру мақсатында жинаған олардың өз қаражаты емес пе? Ол қалай кіріс көзі болады? Үшіншіден, жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталықтары әкімшіліктер тарапынан әртүрлі бюрокарттық талаптардың көп болуы да сұрақтар туындатуда. Оны біз күнделікті БАҚ-тан көре бастадық. Бұл талаптар мұқтаж жанұялардың әлеуметтік көмекті дер кезінде алуына кедергілер туғызуда. Сол кедергілердің бір бөлігі үлкен қалалар, облыс орталықтары маңында шоғырланған тиісті тіркеудің реттелмеуі. Үйсіз-күйсіз жандар кімге барып және қалай тіркелмек? Ал енді тіркеусіз ешкімге ешқандай көмек берілмейді. Осыны жеңілдету үшін қазіргі цифрландыру базасын реттеп, сол базаны дұрыс пайдаланып, халықты басы артық қағаз жинаудан арылту керек. Осы сияқты басқа да шешілуі қажет сұрақтар дер кезінде оң шешімін табуы қажет», - деді Бектас Бекназаров.

Сенатордың айтуынша, жалпы сомасы 6,5 млрд доллардан асатын бұл әлеуметтік қаржының әділетті игерілуін қамтамасыз ету үлкен дайындықты қажет етеді.

«Бұл - ұрандатып өткізе салатын бір реттік шара емес, халыққа ұдайы түрде көрсетілетін мемлекеттік қызмет. Осы көмектің берілуін дәйекті түрде ұйымдастырып, онсыз да тұрмыс тапшылығынан, нарық заманының пәрменінен шаршаған жанұяларды әртүрлі бюрократтық әуре-сарсаңға салмай, оларға сапалы мемлекеттік қызмет көрсету осы салаға жауапты органдардың жұмысына үлкен сын болмақ», - деді Бекназаров.
Қымбат Елтайқызы

Өзгелердің жаңалығы