Зейнетақы шоты енді автоматты түрде ашылады

9 Қаңтар 2019, 20:43
1413
Бөлісу:
Зейнетақы шоты енді автоматты түрде ашылады

Астана, baq.kz. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы шотын ашу рәсімі жеңілдетілді. Бұл туралы БЖЗҚ-ның ресми сайты мәлімдеді.

2019 жылдың 8 қаңтарынан бастап міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын ашу жөніндегі өтінішті рәсімдеу үшін БЖЗҚ-ға немесе оның веб-сайты арқылы жүгінудің қажеті жоқ.

«Енді жеке тұлғаның БЖЗҚ-да зейнетақы шоты жоқ болса, алғашқы жарна келіп түскен кезде шот Қордың ақпараттық жүйесінде автоматты түрде ашылатын болады. Бұл ретте жеке тұлға МЗЖ аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер (тегі, аты, әкесінің аты, жеке сәйкестендіру нөмірі, туған күні) бойынша сәйкестендіріледі. Ал жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелері бойынша қажетті мәліметтерді Қор мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алады», – делінген БЖЗҚ-ның ресми сайты жарияланған ақпаратта.

Бұған дейін шот ашу жөнінде өтінішті міндетті түрде рәсімдеу қажет болатын. Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу бойынша ЖЗШ ашу тәртібі бұрынғыша өзгеріссіз қалады.

Сонымен қатар, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы ерікті зейнетақы жарналарын (өз пайдасына) есепке алу бойынша жеке зейнетақы шотын БЖЗҚ сайтында онлайн тәртібінде ашуға болады.

Өзгелердің жаңалығы