65 жастан асқан адамдарға зертханалық талдау үйде жүргізіледі

3 Сәуір 2020, 15:44
2844
Бөлісу:
65 жастан асқан адамдарға зертханалық талдау үйде жүргізіледі

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 65 жастан асқан адамдарға көрсеткіштері бойынша зертханалық талдау үйде жүргізіледі. Медициналық қызметкерлер тәуекел тобына кіретін қарт адамдарға көшпелі тексерулер жүргізіп жатыр. 

Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқарма басшысының орынбасары Әсел Бисенбаева брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, карантин жағдайында Алматы қаласының тұрғындарына медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр. Қалалық емханалар өз жұмысын штаттық режимде жалғастыруда.

Емхана дәрігерлерінің жоспарлы қабылдауы мен консультациялары барынша қашықтықтан қызмет көрсету форматына ауыстырылды. Жоспарлы медициналық қызметтер, яғни жоспарлы емдеуге жатқызу, профилактикалық тексерулер, скринингтер, оңалту шектелген. Жүкті әйелдер, балалар және кідіріссіз медициналық көмекке мұқтаж пациенттер жазбасыз қабылдануда. Емханаларда аталған санаттағы тұлғаларға медициналық маскалар тегін берілуде, - дейді ол.

Сондай-ақ, ол алдын ала егуді қоспағанда, босандыру ұйымдарында жаңа туған нәрестелерге профилактикалық егуді жүргізу ерекше өкім шығарылғанға дейін тоқтатылғанын айтты.

Тұрғындар арасында респираторлық аурулардың алғашқы белгілері туралы және оған шұғыл көрсетусіз емханаға бармау мүмкіндігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жіті жағдайда пациенттер дәрігерді үйге шақыра алады немесе алғашқы медициналық көмек көрсету үшін барлық қажеттіліктермен жабдықталған емхана жанындағы фильтр-кабинеттеріне жүгіне алады, - деді ол.

Тегін амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шеңберінде пациенттерге үйге рецептерді онлайн беру немесе жеткізу ұйымдастырылған. Психологтар қарт адамдардың үйлеріне баруда, үйде болу, қарым-қатынасты шектеу, барлық сақтық шараларын сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Өзгелердің жаңалығы