Зеленский Ердоғанмен кездесті

11 Сәуір 2021, 22:19
1636
Бөлісу:
Зеленский Ердоғанмен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Анкара Киевтің "Қырым платформасын" құру бастамасын қолдайды. Бұл туралы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Стамбулға сапарлаған Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуден кейін мәлімдеді. Бастама Ресей аннексиялаған Қырымды Украинаға қайта қосуды көздейді.

Азаттық радиосының мәліметіне қарағанда, Ердоған Түркияның Украинамен әріптестікті қолдайтынын, мұның өзге елдерге қарсы бағытталмағанын атап өтті. Түркия президенті сондай-ақ Украина шығысындағы ахуалдың ушығуына алаңдаушылық білдіріп, жағдайдың оңалатынына үміттенетінін айтты.

Владимир Зеленский бұған жауап ретінде Түркияның Украина суверенитетіне қолдау білдіруі Киев үшін аса маңызды деді.

Келіссөздерден кейін Украина мен Түркия арасындағы стратегиялық кеңестің отырысы өтті. Оның нәтижесі бойынша тараптар ортақ декларация жариялады. Құжатта Киев пен Анкара Украинаның халықаралық деңгейде мойындалған аумағын қалпына келтіру бойынша жұмыстарды жалғастыра береді деп жазылған. Сонымен қатар екі ел аннексияланған түбектен көшуге мәжбүр болған қырым татарларының өмірін жақсарту жұмыстарын жүргізетін болды.

Украина президенті Владимир Зеленскийдің Түркияға сапары 9 сәуірде басталған. Сол күні Түркия мен Ресей президенттері телефонмен сөйлескен. Ресей президенті Владимир Путин Украинаның "түйісу сызығында қауіпті арандату қимылдарын жандандыруына" алаңдайтынын айтты.

Кейінгі уақытта Украина шығысындағы Донбасста жанжал тұтанып, осыған дейінгі бітімнің бәрі жоққа шықты. Түрлі дерекке қарағанда, Ресей Украинамен шекаралас аумаққа өз әскерін шоғырландырған. Мәскеу әскердің ешкімге қауіп төндірмейтінін айтады.

Өзгелердің жаңалығы