Бас жаңалықтар
Өзбекстан Қазақстаннан жылына 2 млн тонна мұнай сатып алмақ
14 Наурыз 2019, 11:51 854

Өзбекстан Қазақстаннан жылына 2 млн тонна мұнай сатып алмақ

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Энергетика министрінің міндетін атқарушы Махамбет Досмұхамбетов Сенат отырысында осылай деді.


«Қазақстан мен Өзбекстан соңғы жылдары мұнай-газ саласында айтарлықтай әлеуетті дамытты. Бүгінгі таңда мұнай мен газды жеткізу секторындағы өзара іс-қимыл жолға қойылды. Мемлекет басшысының 2017 жылғы 16 қыркүйекте Өзбекстанға жасаған ресми сапары барысында Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасында энергетика саласы бойынша негіздемелік келісімге қол қойылды. Осы келісім негізінде екі ел арасындағы мұнай-газ, химия және электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастық дамитын болды. Сонымен қатар, достығы жарасқан көрші мемлекеттердің ынтымақтастығы арту үшін географиялық жағдайлар да ескерілді. Аталған келісімді ратификациялау біраз мәселені шешуге мүмкіндік береді. Атап айтсақ, мұнай экспортын ұлғайту үшін Өзбекстанға шикі мұнай жеткізу, Өзбек елінің газ, көлік жүйесін пайдалану арқылы күзгі, қысқы кезеңде Қазақстанның оңтүстігін табиғи газбен үздік жабдықтау мәселесін шешу. Мұнай-газ, химия жобалары бойынша тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді», - деді Махамбет Досмұхамбетов. 

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Өзбекстан мұнайға деген қажеттілігін қамтамасыз ету үшін 2018 жылы 260 мың тоннадан астам Қазақстан мұнайын жеткізді. 

«Қазақстан алдағы уақытта да Өзбекстанға өз ресурстарынан мұнай жеткізуге дайын. Қазіргі таңда Ресей Өзбекстан тарапының сұрауына сәйкес Өзбекстанға жылына 1 млн тоннаға дейін мұнай жеткізу мәселесін қарастыруда. Бұл ретте Қазақстан екі ел арасында транзиттік ел ретінде қаралады. Бүгінде біз транзитпен сынамалы жеткізуді жүзеге асырдық. Жалпы айтқанда Өзбекстан жылына 5 млн тоннаға дейін мұнай сатып алуды жоспарлауда. Соның ішінде Қазақстаннан 2 млн тонна, Ресейден 3 млн тонна сатып алуға мүдделі. Екі мемлекет арасында отын-энергетика саласындағы ынтымақтастық өте маңызды», - деді Махамбет Досмұхамбетов. 

Бүгін Сенат отырысында «ҚР Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Энергетика саласындағы ынтымақтастықтың кейбір мәселелері туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасы қабылданды.

Қымбат Елтайқызы

Загрузка...