Бас жаңалықтар
Зайсандағы зақымданған газ құбыры жөнделіп жатыр
28 Қаңтар 2021, 12:47 316

Зайсандағы зақымданған газ құбыры жөнделіп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 27 қаңтар күні сағат 19.30-да «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Шығыс Қазақстан өндірістік филиалының авариялық-диспетчерлік қызметіне Зайсан ауданының 9 елді мекеніне тартылған жоғары қысымды жерасты газ құбырының зақымданғаны туралы қоңырау түсті, деп хабарлады «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ баспасөз қызметі.

Арнайы бригада ATD 257 Z SANNY маркалы шынжыр табанды экскаваторы шұңқыр қазу кезінде жоғары қысымды жерасты газ құбырын зақымдағанын анықтады. Қазу жұмыстары ҚТГА АҚ ШҚӨФ келісімінсіз жүргізілген. «Интергаз-Орталық Азия» АҚ "Алматы»  МГБ филиалы Зайсан газ шаруашылығының мамандары «АГТС-Зайсаннан» берілетін газды тоқтатып, газ құбыры орналасқан траншеядағы суды сорып алу жұмыстарын жүргізді. Зайсан ауданының 9 елді мекені газдан ажыратылды (Қарабұлақ, Кеңсай, Қайнар, Айнабұлақ, Жамбыл, Көгедай, Шалқар, Қаратал, Үлкен-Қаратал) - 1661 тұрғын үй мен 44 шағын кәсіпорын көгілдір отынсыз қалды, - делінген таратылған ақпаратта. 

Қазір абоненттерді газбен жабдықтау жұмыстары аяқталуға жақын. Апатты жою үшін 10 арнайы техника тартылып, газ шаруашылығының пайдалану қызметінің 70-тен астам маманы жұмылдырылды. Апатқа кінәлі тарап газ операторының шығынын өтеуге тиіс. Түні бойы толастамаған жұмыстың арқасында, қазір жоғары қысымды газ құбырын қалпына келтіру аяқталды. Тұтынушыларға газ бүгін беріледі деп жоспарланып отыр.




Фото: ашық дереккөз
Загрузка...