Зауыт жұмысшылары сайлауда белсенді болуға шақырды

27 Сәуір 2019, 12:03
2171
Бөлісу:
Зауыт жұмысшылары сайлауда белсенді болуға шақырды

Тараз қаласы, BAQ.KZ тілшісі. «Nur Otan» партиясының Жамбыл облыстық филиалы «Қазфосфат» бастауыш партия ұйымының төрағасы Арман Қарағалиев 9 маусымда өтетін кезектен тыс Президент сайлауы биліктің заңдылығын одан әрі нығайтып, елімізде тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажет деген пікірде. 

Ол мұндай ойын «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты Жаңа Жамбыл фосфор зауытының мәжіліс залында зауыт ұжымының қатысуымен жиында айтты.

«Мерзімінен бұрын Президенттік сайлау өткізу туралы ұсыныстың көтерілуі – елдің жарқын келешегіне деген сенімнің көрінісі іспетті. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өсіп-өркендеудің негізгі бағдарын айқындауда бұл шараның маңызы жоғары болмақ. Елдегі ең басты сайлау науқанын кейiнге қалдырмай, оны алдын ала өткiзетiн болсақ, еліміз ағымдағы күн тәртiбiнде тұрған әлеуметтiк-экономикалық толғақты мәселелердi шешудiң жолдарын табуға мүмкiндiк алады», - деді Арман Қарағалиев.

Спикердің сөзінше, «Nur Otan» партиясының ХІХ съезінде Елбасы Н.Назарбаевтың Президенттікке үміткер ретінде саяси аренада өзін іскерлік қырымен танытқан Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынғанын кәсіпорынның бастауыш партия ұжымы қолдайды. Дұрыс жасалған таңдау деп бағалайды.

«Біле білгенге, бұл – еліміздің жарқын болашағы үшін жасалып жатқан батыл қадам. Сондықтан, ұжымдастарым 9 маусым күні сайлауға бір кісідей қатысып, дұрыс таңдау жасайды деген сенімдемін», - деп түйіндеді ойын ол.

Жиын барысында зауыт жұмысшыларының үндеуі жарияланды. Онда бастауыш партия мүшелері Елбасының алға қойған бағдарламаларын басшылыққа ала отырып, еліміздің аса дамыған 30 елдің қатарына қосылуына, съезд шешімдерінің орындалуына үлес қосатындықтарын жеткізген. Сондай-ақ алдағы сайлау науқанына толық қатысып, өз таңдауларын жасайтындықтарын мәлім еткен.                                               

Өзгелердің жаңалығы