Біз Нұр-Сұлтан атауын қолдаймыз – затоболдықтар

25 Наурыз 2019, 20:27
2496
Бөлісу:
Біз Нұр-Сұлтан атауын қолдаймыз – затоболдықтар
PHOTO
Фото: автордан

Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Елордаға Нұр-Сұлтан атауы берілуіне орай Затобол кентінде мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Салтанатты іс-шарада сөз сөйлеушілер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі, Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы орны туралы айтты.

Мерекелік іс-шараның ашылуында Қостанай аудандық мәслихаты хатшысының міндетін атқарушы Сатыбалды Байғабылов сөз сөйледі.

«Елордамыз мақтанып айтарлық атауға ие болды. Нұр-Сұлтан атауының тарихи маңызы өте зор. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев басқарған отыз жыл ішінде еліміз тыныш өмір сүрді. Кеңес Одағы құлағаннан кейін Қазақстан алдында «қандай жолды таңдау керек?» деген сұрақ тұрды. Тұңғыш Президенттің салиқалы саясатының арқасында отыз жылда қарқынды дамушы мемлекетке айналдық. Халықаралық сарапшылар Назарбаевты ұлы реформатор деп есептейді. Бізді әлем тануға осынша уақыт жеткілікті болды. Осы кезеңде жүріп өткен жолымыз «Қазақстандық үлгі» деп аталады. Бұл үлгіні зерделеп жатқан елдер де бар. Біз, затоболдықтар астанамыздың Нұр-Сұлтан аталуын толығымен қолдаймыз», - деді Сатыбалды Байғабылов.

Бұдан соң, аудандық мәдениет үйіне жиналған қауым «Қазақстан! Нұр-Сұлтан! Елбасы!» деп ұрандады.

Біз Нұр-Сұлтан атауын қолдаймыз – затоболдықтар

Қостанай аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Вера Ильминская Елбасына аға буын өкілдері атынан алғыс айтып, астанаға берілген жаңа атау – еңбекті бағалайтын қоғамның ісіекендігін атап өтті.

«Біз, аға буын өкілдері тәуелсіз мемлекеттің қалай құрылғанына, астананың орталыққа көшіріліп, әсем қаланың бой тіктегеніне куәміз. Бүгінгі көрікті Қазақстан – Елбасының жемісті еңбегінің көрінісі. Біз әлемді бейбітшілікке шақырып, оны ұстанымдарымызбен, әрекетімізбен дәлелдеген елміз. Сондықтан, беделіміз бекем, мерейіміз үстем», - деді Вера Ильминская.

Біз Нұр-Сұлтан атауын қолдаймыз – затоболдықтар

Барлық замандастарын білімді болуға шақырған Қостанай аудандық Жастар ресурстық орталығының SMM-менеджері Әзиза Исмаилова Елбасы бастамасымен жүзеге асып жатқан «Болашақ» бағдарламасын тілге тиек етті.

«Тоқсаныншы жылдардағы күрделі кезеңде «Болашақ» бағдарламасы бойынша мамандар дайындау ісін қолға алып, жастарға әлемдік тәжірибені зерттеуге, сондай-ақ, елімізге пайдасын тигізуге үлкен жол ашты. Дамуға мүмкіндік беретін, жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мұның барлығын Елбасының қамқорлығы деп түсінеміз», - деді ол.

Біз Нұр-Сұлтан атауын қолдаймыз – затоболдықтар

Жалынды сөздерден кейін жергілікті жұртшылық мәдениет үйінің өнерпаздары мен патриоттық клубтардың өнерін тамашалады.

Біз Нұр-Сұлтан атауын қолдаймыз – затоболдықтар

Бүгін осындай мерекелік іс-шаралар Әулиекөл, Денисов, Қарабалық, Федоров және Ұзынкөл аудандарында да болып өтті.

Өзгелердің жаңалығы