Заңсыз төгілетін қоқыс қалдықтарына жауапкершілікті күшейту ұсынылды

18 Қыркүйек 2019, 19:07
3173
Бөлісу:
Заңсыз төгілетін қоқыс қалдықтарына жауапкершілікті күшейту ұсынылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін елордада «Тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін дамытудың келешегі мен проблемасына» арналған дөңгелек үстел болып өтті. 

«Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеушілер, кәдеге жаратушылар және қоқыс шығаратын ұйымдар Қауымдастығы «AWOK» заңды тұлғалар бірлестігінің бастамасымен болған жиынға ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, қайта өңдеуші салада жүрген компания өкілдері, экологтар мен қоғам білсенділері қатысты.

IMG_6673.JPG

«Жиын барысында қайта өңдеу саласындағы өзекті проблемалар талқыланды. Тұрмыстық қалдықты жинау, тасымалдау, оны қайта өңдеу қызметіндегі тарифтің төмендігі айтылды. Дөңгелек үстелге қатысушылардың пайымдауынша тұрмыстық қалдықтырды тиімді басқару үшін мемлекеттік бағдарлама жасалу қажет. Бірыңғай құжат мамандандырылған ұйым жұмысын жүйелендіруге мүмкіндік береді. Үкімет тарапынан қолдау шаралары анықталып, қажетті инфрақұрылымды дамытуға жол ашады. Отырыс барысында тұрмыстық қалдықты бөліп тастау жүйесін енгізетін аймақтарды анықтап, қалдықты сұрыптап тастауға арналған контейнерлер орнату, қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды қабылдайтын бекеттерді кешенді түрде іске қосу мәселесі ұсынылды», - делінген хабарламада.

Өз кезегенде қоғам белсенділері мен экологтар елімізде заңсыз қоқыс алаңдарының азаймай тұрғанын айтып дабыл соқты. Былтырғы жылдың мәліметі бойынша, өндірістік және тұтынушы қалдықтарды тастайтын орындардың саны еліміз бойынша – 17 934-ке жеткен. Қазақстанда шығарылатын қалдықтардың барлығы дерлік полигондарға көміледі. Ал полигондардың басым бөлігі санитариялық талаптар мен экологиялық стандарттарға сәйкес келмейді.

Айта кету керек, жыл сайын Қазақстанда 4,3 млн тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдық шығатын болса, соның не бары 12%-ға жуығы ғана қайта өңделеді. Ал қалғаны қоқыс полигондарына көмуге жіберіледі. Еліміз бойынша тұрмыстық қалдық тасталатын 3 520 полигон бар. Ал соның небәрі 18%-ға жуығы ғана тиісті талапты сақтап отыр.

Аталған проблемаларды шешудің бір жолы – заңсыз төгілетін қоқыс қалдықтарына жауапкершілікті күшейту. Дәл осы ұсыныс дөңгелек үстел резолюциясына енгізілді. Қабылданған ұсыныстар салаға жауапты министрлікке жолданды.

Өзгелердің жаңалығы