Бас жаңалықтар
Заңсыз аңшылыққа тыйым болмай тұр - Бас прокуратура
30 Қаңтар 2019, 17:08 1030

Заңсыз аңшылыққа тыйым болмай тұр - Бас прокуратура

Астана, BAQ.KZ. Бас прокуратурада заңсыз аңшылыққа қарсы іс-қимылдың тиімді шараларын әзірлеу мәселесі бойынша ведомствоаралық жиналыс өтті. 

Оған ауыл шаруашылығы, ішкі істер, қаржы министрліктерінің, ҰҚК Шекара қызметінің және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның жауапты тұлғалары қатысты.

Соңғы жылдары елімізде сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарларға заңсыз аңшылық  жасау оқиғалары жиілеп кеткені атап өтілді.

3 жылда осындай қылмыстық әрекеттердің салдарынан табиғатқа келтірілген залал 3,6 млрд теңге құрады.

Киіктерді ату фактілерінің саны өсуде. Тек 2016-2018 жылдардың өзінде 3 мыңға жуық киік атылған.

Браконьерлердің қылмыстық әрекеті ұйымдасқан түрде және тұрақты сипат алуда.

Бұған Қарағанды облысындағы «Охотзоопром» РМК инспекторының қаза болуына байланысты оқиға дәлел.

Осыған ұқсас оқиғалар бекіре тұқымдас балықтарды аулауға байланысты да орын алып отыр.

2018 жылы заңсыз айналымнан 8 мың кг-ға жуық бекіре алынды, алайда көбісі көлеңкеде қалып отыр.

Кеңесте құқық қорғау және табиғат қорғау органдарының әрекеттері тиімсіз екені және заңсыз аң аулауға қарсы күресте кешенді шаралар әзірлеуді талап ететіні атап өтілді.

Қызмет борышы бойынша жануарлар әлемін сақтауға міндетті уәкілетті және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қылмыс жасау фактілері де белең алған.

Ағымдағы жылы Атырау мен Маңғыстау облыстарында балық инспекциясы мен полиция қызметкерлерінің қамқорлығымен жұмыс істеген қылмыстық топтардың әрекеттеріне тұзақ салынды.

Табиғат қорғау инспекторларын қорғауды қамтамасыз ету және құқықтық мәртебесін бекіту мәселесі де қозғалды.

Осыған орай қарастырылып отырған саладағы ахуалды жақсарту жөнінде бірқатар ұсынымдар әзірленді.

Жиналыстың нәтижесі бойынша браконьерлердің әрекеттерінің жолын кесуге, биорестурстарды заңсыз сатып алуға, тасымалдауға және оның  экспортына жол бермеуге бағытталған бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленді.

Сізден жаңалық