Бас жаңалықтар
Заңдастыруды тапсырды. Қарин Тоқаевтың қандай тапсырма бергенін айтты
25 Ақпан 2021, 15:31 248

Заңдастыруды тапсырды. Қарин Тоқаевтың қандай тапсырма бергенін айтты

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ. ҚР Президентінің көмекшісі, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің хатшысы Ерлан Қарин Тоқаевтың қандай тапсырма бергенін айтты.

Бүгін Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында бірнеше тың бастама көтерді. Соның бірі - ел азаматтарын алаңдатқан жер мәселесіне қатысты. Президент бұл жөнінде бірнеше рет айтқан болатын. Оның ұстанымы айқын әрі нақты: «қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды». Осы ретте Мемлекет басшысы шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға және жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырып, бұл мәселеге түбегейлі нүкте қойды, - дейді Қарин.

Ол Президент әкімшілігі Президенттің заң шығару бастамасы тәртібімен дәл осы мәселеге байланысты тиісті заң жобасын әзірлейтінін айтты. 

Мемлекет басшысы осындай құжатты өз өкілеттігі аясында әзірлеуді тапсыру арқылы аталған норманы заң жүзінде бекітуге қатысты ұстанымы нақты екенін көрсетті. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес заң жобасы Үкіметтің, Парламент депутаттарының немесе Президенттің бастамасы бойынша әзірленеді. Аталған үш түрлі тәсілдің өз рәсімі бар. Заң жобасы Президенттің бастамасы бойынша әзірленсе, жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салуды заң жүзінде тезірек ресімдеуге болады, - деді Президенттің көмекшісі.

Ол жер мәселесіне қатысты ең көп талқыланған мәселе шешімін тапқанын айтты. 

Ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалануға қатысты басқа да мәселелер Жер реформасы жөніндегі комиссияда талқыланады. Бұл комиссия бір айдың ішінде құрылып, жұмысын биылғы наурыз айының соңында бастайды, - дейді Ерлан Қарин.




Фото: ашық дереккөз
Загрузка...