Бас жаңалықтар
Заң жобасы: Кәсіпкерлік қызмет және реттеушілік саясат
12 Мамыр 2021, 17:55 528

Заң жобасы: Кәсіпкерлік қызмет және реттеушілік саясат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде кәсіпкерлік қызмет саласындағы реттеушілік саясатты жүзеге асыруға қатысты кейбір заңнамалық актілерге өзгеріс енгізілді. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту департаментi директорының орынбасары Махамбет Мыңбаев заң жобасының негізгі мақсаты жайлы айтып берді.

«ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ҚР кәсіпкерлік қызмет саласындағы жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленгенін атап өткен жөн.

Заң жобасы нені көздейді?

Департамент директоры орынбасарының айтуынша, ол елдегі кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізуге бағытталған. Заң жобасының аясында аталмыш қызмет саласында жаңа реттеушілік саясаттың мақсаттары, міндеттері, негізгі қағидаттары мен жаңа тәсілдері заңнамалық түрде айқындалатын болады.

Махамбет Мыңбаевтың сөзінше, заң жобасы төмендегідей жаңартуларды көздейді:

-         Кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимыл қағидаттарын жетілдіру (Кәсіпкерлік кодексінің 9 және 11-баптарына түзетулер);

-         Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің жаңа мақсаттары мен міндеттерін айқындау (Кодекстің 80-бабына түзетулер);

-         Реттегіш құралдарды қалыптастыру шарттарын айқындау (Кодекстің жаңа 81-1-бабы).

Бұл орайда Кодексте реттегіш құралдарды қалыптастыру шарттарын айқындайтын жаңа бап енгізу қарастырылған. Реттегіш құралдарды, оның ішінде талаптарды қалыптастырудың негізгі шарты азаматтардың денсаулығын, экологияны, мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігін қорғауды басшылыққа алады. Осылайша, мемлекет енгізген кез келген бизнес талабы азаматтардың денсаулығын, экологияны, мемлекеттің қорғанысы мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталуы керек, - деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар, бір жаңасын енгізу кезінде қолданыстағы екі талаптың күшін жоюды көздейтін «1 in 2 out» қағидатын енгізу (Кодекстің 82-бабына түзету), реттеушілік апелляция институтын енгізу (Кодекстің 83 және 309-баптарына түзетулер) қарастырылған.

Бизнес-омбудсмен мемлекеттік органдардың талаптарын қайта қарау бойынша барлық шағымдар мен ұсыныстар жинағын қалыптастыратын болады. Бұл ұсыныстарды Ұлттық экономика министрлігі қарастырады. Министрлік осы ұсыныстарды қарау қорытындысы бойынша кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі сараптама тобының немесе ВАК-тың талқылауына реттегіш құралдың күшін жою не РӘТ рәсімін жүргізу арқылы оны қайта қарау мәселесін шығарады, - дейді ол.

Кодекстің 83-1-бабы бойынша, эксперименттік құқықтық режімді енгізу көзделген. Жаңа реттегіш құралды енгізудің экономикалық және өзге де әсерлерін қосымша зерделеу, қолданыстағыларын жою немесе өзгерту мақсатында практикада жаңа реттеуді сынақтан өткізу немесе қолданыстағыларын жою үшін эксперименттік құқықтық режімді немесе «реттегіш құмсалғыш» деп аталатын тетікті енгізу қарастырылған.

Жаңа 83-2-бап бойынша, кәсіпкерлік саласында міндетті талаптардың тізілімін енгізу көзделген. Тізілім нормативтік-құқықтық актілердің және нормативтік-техникалық құжаттардың, сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын талаптардың дерекқоры болып саналады.

Тізілімге жаңа реттеушілік саясатқа сәйкес келетін талаптар ғана енгізіледі. Бұдан басқа, тізілімде нормативтік құқықтық актілердің жаңа реттеушілік саясатқа сәйкестігін қарау мерзімдері айқындалатын болады. Сәйкес келмеген жағдайда құқықтық актілер қайта қаралуы немесе жойылуы тиіс. Тізілім кәсіпкерлер үшін кәсіпкерлік қызметтің жекелеген түрлері бөлінісінде кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты қолданылатын талаптардың барлық жиынтығының саны, құрамы, қолданылу мерзімдері және өзара байланысы туралы толық көріністі, тұтынушылар үшін - кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын қолданыстағы талаптар туралы ақпараттың қарапайымдылығы мен қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - дейді ол.

Мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіру. Бұл жаңа тәсіл тек рұқсат беру талаптарына сәйкестігін тексеруді және нақты фактілер мен мән-жайлар бойынша тағайындалатын жоспардан тыс тексерулерді көздейді. Ерекше тәртіп бойынша (8 салада) жүргізілетін тексерулер тәуекел дәрежесін бағалау негізінде жойылады.

Жаңа нормативтік құқықтық база қалыптасады

Бұл ретте осы салаларда қадағалау функциясын қолдану арқылы профилактикалық бақылауды күшейту – әкімшілік істерді қозғамай жедел ден қою шараларын қолдану ұсынылады.

Құқықтық статистика комитетінің деректері бойынша 2019 жыл профилактикалық бақылау аясында кәсіпкерлік субъектілерін тексеру ерекше тәртіп бойынша тексерулер мақсатындағымен салыстырғанда екі есе көп болғанын көрсетті. Сонымен қатар, тексерулердің көпшілігі бойынша заңбұзушылық анықталмағаны белгілі болды. Мысалы, 126 561 тексерудің 58 238-і, тексерулердің жалпы санының 46%-ы бойынша заңбұзушылық анықталды. Осы статистика тексеру іс-шараларының төмен тиімділігін және профилактикалық бақылау жүргізудің орындылығын көрсетеді. Сондықтан заң жобасы бақылаудың жаңа нысанын енгізу - кәсіпкерлік субъектілерін заңсыз жауапкершілікке тарту мүмкіндігін болдырмай, шынайы заң бұзушыларды анықтауға мүмкіндік беретін тергеуді енгізуді қарастырады, - дейді Махамбет Мыңбаев.

Оның айтуынша, сонымен қатар бақылаушы мемлекеттік органдардың алдымен профилактикалық бақылауды бармай-ақ жүргізу көзделген. Кәсіпкерлік субъектілерінің есептіліктерін автоматтандыру және есептілікті ұсыну Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тікелей көзделген жағдайларда ғана енгізіледі деген талапты бекіту (112-1-бапқа түзетулер) қарастырылған.

Сондай-ақ, жаңа міндеттер жүктейтін, олардың жауапкершілігін белгілейтін, күшейтетін немесе жағдайын нашарлататын НҚА-ның кері күшін қолдану мүмкіндігін болдырмау («Құқықтық актілер туралы» заңның 43-бабының 3 және 4-тармақтарына түзетулер), халықаралық шарттар жасалған жағдайда кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің және ҰКП-ның сараптамалық қорытындыларын алу қажеттілігі туралы талапты енгізу («Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 5-бабына түзету) көзделген.

Заң жобасын іске асыру жөніндегі барлық жұмыс тексеруге мораторийдің қолданылу мерзімі ішінде жүргізілетін болады. Заң жобасын қабылдау микро және шағын бизнесті тексеруге мораторийдің қолданылу мерзімі ішінде мемлекеттік реттеудің бүкіл ауқымын түбегейлі қайта қарау арқылы отандық бизнес-реттеу реформасын жүргізуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде 2024 жылдан бастап жұмыс істейтін кәсіпкерлік қызметінің түбегейлі жаңа нормативтік құқықтық базасы қалыптастырылады. Жаңа реттеушілік саясатқа сәйкес келмейтін талаптардың күші жойылады. Кәсіпкерлер Міндетті талаптар тізіліміне сәйкес жаңа ережелер бойынша жұмыс істейді, - деп түсіндірді Махамбет Мыңбаев.

Сондай-ақ, аталған тәсілдер 2021 жылғы 21 сәуірде ҚР Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында мақұлданғанын атап өту қажет.


Фото: дереккөз
Загрузка...