Заң жобасы «ерекше» балаларға сапалы білім алуға мүмкіндік береді - Қарин

21 Сәуір 2021, 12:25
1859
Бөлісу:
Заң жобасы «ерекше» балаларға сапалы білім алуға мүмкіндік береді - Қарин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин бүгін Мәжілісте қолдау тапқан инклюзивті білім беруге қатысты заң жобасы туралы пікірін білдірді.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында бірінші оқылымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қолдау тапты. Аталған заң жобасы ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін сапалы білім алуға тең қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған, - деп жазды Қарин Telegram-да.

Еске салсақ, 2021 жылғы 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың саны өсіп келе жатқанын, бірақ мұндай мамандандырылған ұйымдардың жұмыс істеуі бойынша қолданыстағы нормалар ескіргенін атап өткен болатын.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы өңірлердің ерекшелігін және заманауи стандарттарды ескере отырып, осы саладағы нормативтерді жаңартуды тапсырды.

Бүгін Мәжілісте қаралған заң жобасы аталған тапсырмаларды жүзеге асыруға бағытталған. Атап айтқанда, заң жобасында ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін оқу бағдарламалары бейімделетіні, олар үшін жеке-дамыту бағдарламалары әзірленіп, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу енгізіледі. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларды психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қаржыландырудың жан басына шаққандағы нормативі әзірленеді, - деп түсіндірді Президенттің көмекшісі.

Ерлан Қариннің сөзінше, Президенттің Ұлттық кеңес қызметі аясындағы әлеуметтік бастамаларының тағы бір маңызды бөлігі Мәжілісте пысықталып жатыр. Бұл шараларды заңнамалық тұрғыда рәсімдеу ерекше қажеттіліктері бар балаларға сапалы инклюзивті білім беру мүмкіндігін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы