Бас жаңалықтар
Бүгін
Астанада «Өзбекстанның заманауи кескіндемесі» көрмесі ашылды
04 Ақпан 2019, 11:50 751

Астанада «Өзбекстанның заманауи кескіндемесі» көрмесі ашылды

Астана, BAQ.KZ. Ұлттық музейде Өзбекстан Республикасының ҚР-дағы елшілігінің қолдауымен екі көрмеге жас авторлардың соңғы бес жыл ішіндегі 38 көркем суреті қойылды.

Өзбекстан Бейнелеу өнері музейі ұйымдастырған «Өзбекстанның заманауи кескіндемесі» көрмесі және «Заманауи Өзбекстан» фотокөрмесі салтанатты түрде ашылды.

Бұл көрмеде Өзбекстанның заманауи бейнелеу өнері өзіндік көркемділігімен ерекшеленіп, қылқалам шеберлерінің туындылары қазақ алаңында жаңа қырынан ұсынылды. Көрмеге Файзулла Ахмадалиев, Хуршид Зияханов, Нодир Шоабдурахимов, Алишер Аликулов, Валерия Енина, Виктория Трошина, Дилором Мамедова, Бахтиёр Обидов, Абдухаким Каримов, Дилмурод Юлдашев, Умар Ражабов сияқты танымал суретшілер мен жас авторлардың соңғы бес жыл ішінде жасаған 38 көркем суреті қойылған.

Шараның ашылу салтанатында сөз алған ҚР Ұлттық музейі директорының м. а. Алмаз Нұразхан:«1998 жылы екі ел Мәңгілік достық туралы шартқа қол қойды.Өзбек елімен қазақ халқының бауырластық сипаты ертеден қалыптасқан. Өзбекстанның қазіргі заманғы бейнелеу өнері Ұлттық музейде бірінші ұйымдастырылып отырған жоқ. Осыдан 2 жыл бұрын көркем сурет көрмесі үлкен табыспен өткен болатын. Былтыр жарияланған «Қазақстандағы Өзбекстан жылы» екі халықтың шынайы бауырластығын кеңінен танытты. Биыл Өзбекстанда Қазақстан жылы бастау алады. Осыған орай аталған мемлекетте «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық жобасы аясында көрме ұйымдастырылмақ. Ортақ тарихымыз, бай рухани мұраларымыз қос ел арасындағы достық қарым-қатынасқа басты себеп екені сөзсіз», - деді.


Фотоөнер – көпжанрлы, өмірді әр қырынан танытатын, өзіндік сипаты мен шығармашылық қолтаңбасы қалыптасқан сала. «Заманауи Өзбекстан» фотокөрмесі А. Жұмаев, В. Гончаренко, Х. Шорахмедов, В. Шлосберг, В. Вяткин, В. Соколов сынды шеберлердің 100 фотосуреттерінен тұрады. Көрмеден өзбек бейнелеу өнерінің соңғы он жылдағы заманауи сипатымен қатар, ұлттық тарихтың отарлау кезеңінен кейінгі ұлттық бейнелеу өнері мектебінің қалыптасуына дейінгі әртүрлі дискурстарын, келешек ұрпақ үшін өзекті саналатын маңызды көзқарастар мен міндеттердің көрінісін оймен бағамдап, сүйсініп тамашалауға мүмкіндік бар.


Қазақстандағы Өзбекстан Республикасының Төтенше және өкілетті Елшісінің кеңесшісі Тимур Рахимов:«Бұл көрме «Қазақстандағы Өзбекстан жылы» шарасының аясында қолға алынып отыр. Қазақстанда Өзбекстан жылын өткізу кезінде 200-ден астам түрлі шаралар ұйымдастырылып, кеңінен насихатталған өзбек елінің тарихы, мәдениеті қазақстандықтар тарапынан үлкен қолдау тапты.Осындай мәдени шаралар арқылы екі ел арасындағы байланыс қарқынды түрде дамитынына сенемін. Бүгінгі көрме де көпшіліктің көңілінен шығады деп үміттенеміз», - деді ол.

Музей қонақтары аталған көрме арқылы Өзбекстан тәуелсіздік алған жылдары қалыптасқан құрылымдық өзгерістер, жергілікті халықтың салт-дәстүрі, өзбек елінің сол кезеңдегі тұрмыс-тіршілігімен жақын таныса алады.

 


 

 

 

 

 

 

 

 

Сізден жаңалық