Заңсыз дәрі-дәрмек сату бойынша Шымкент көш бастап тұр – министр

12 Шілде 2020, 14:06
1674
Бөлісу:
Заңсыз дәрі-дәрмек сату бойынша Шымкент көш бастап тұр – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев рейд кезінде 54 мыңнан астам дәрі-дәрмек тәркіленіп, 185 адам полицияға жеткізілгенін айтты. 

Президенттің тапсырмасына сәйкес барлық жерде дәрі-дәрмектерді қымбаттатылған бағамен сату фактілерін анықтау мақсатында рейдтер жүргізілуде. Өкінішке қарай, заң бұзушылардың арасында фармацевттер мен дәріхана қызметкерлері, сондай-ақ, дәрі-дәрмек тапшылығын пайдаланған медициналық ұйымдар сияқты фактілер тіркеліп жатыр. Олар дәріні халыққа жасырын түрде екі-үш есе қымбатқа сатқан. Ол үшін ортада делдалдар жұмыс істеген, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдаланған, - дейді Ерлан Тұрғымбаев.
Ол осы ретте кейбір фактілерге жеке тоқталып өтті.
 
Елордадағы дәріханалардың бірінде сатушы дәрі-дәрмекті кассалық аппараттан емес, қолма-қол қымбат бағамен сатқан. Рейд кезінде Цефтриаксон, Азитромицин, Ингавирин, Дексаметазон және басқа да ең танымал дәрілердің 2300-ден астам пакеті тәркіленді. Алматыда дәрі-дәрмекті заңсыз сатумен Алматы облысындағы аудандық ауруханалардың реанимация бөлімшесінің меңгерушісі айналысқан. Ұстау кезінде оның көлігінен 90 әртүрлі дәрі табылған. Сонымен қатар, бұған дейін сатқан дәрілерінен түскен 1 млн теңге тәркіленді, - дейді министр.
Оның айтуынша, заңсыз айналымдағы дәрі-дәрмектің көп бөлігі Шымкент қаласында анықталған - 15,5 мың. Ал өзге қалаларда мынандай: Алматыда  - 11,5, Нұр-Сұлтанда - 4 400, Атырау облысында - 7 700-ден астам дәрі-дәрмек тәркіленген.
 
Анықталған заң бұзушылық туралы барлық материалды біз қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Экономикалық тергеу қызметіне және Денсаулық сақтау министрлігінің уәкілетті органдарына жібереміз. Тексеру кезінде алынған дәрі-дәрмектер әрі қарай науқастарды емдеуде қолдану мақсатында денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдарға беріледі. Барлығы 6 күн бойына жүргізілген рейдтік іс-шаралардың барысында 206 осындай фактінің жолы кесілді.  Полицияға 185 адам жеткізілді, оның ішінде 63-і медицина қызметкері. 54 мыңнан астам дәрі-дәрмек пен препараттар, жарты миллионға жуық медициналық маска, 30 мыңнан астам әртүрлі жеке қорғаныс құралы және басқа да медициналық құралдар мен дезинфекциялық заттар тәркіленді, - дейді Ерлан Тұрғымбаев.

Өзгелердің жаңалығы