Қызылжарда жер үй өртеніп, үш адам қайтыс болды

8 Тамыз 2020, 06:30
1147
Бөлісу:
Қызылжарда жер үй өртеніп, үш адам қайтыс болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Петропавлда жер үй өртеніп, бір отбасынан үш адам қаза болды. Бұл туралы "Астана" телеарнасының жаңалықтар қызметі хабарлады.

Төтенше жағдай қызметінің мәліметінше, өрт тамыздың 6-сынан 7-сіне қараған түні Щорса көшесі бойында ағаштан салынған үйдің бірінде шамамен түнгі екіде шыққан. Өрт сөндірушілер келіп, өшірген. Жанған үйдің ішінен 9 және 5 жастағы балалар мен 1988 жылы туған отағасының мәйіті табылды. Алдын ала болжам бойынша, от сөндірілмеген темекіден шыққан болуы мүмкін.

Мәйіттер сот-медициналық сараптамаға жіберілді. 6 техника, 20 қызметкер оқиға орнында жұмыс істеді. Өрттің және өлімнің себебін жедел-тергеу тобы анықтауда, - деді СҚО төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Атығаев.

Отбасы орташа санатта көрінеді. Ерлі-зайыптылар теміржол саласында жұмыс істеген. Ешқандай әлеуметтік қызметте тіркеуде тұрмапты. Көршілерінде отбасы туралы жақсы пікір қалыптасқан. От дер кезінде сөндірілмегенде, басқа үйлерді де шарпуы мүмкін еді дейді олар. Өйткені, жақын маңдағы үйлердің дені ағаштан салынған екен.

Айта кету керек, күн ысыған сайын Қызылжар өңірінде өрттің қаупі дендеп барады. Жыл басынан бері тілсіз жаудың кесірінен 28 адам көз жұмған.



Өзгелердің жаңалығы