Бас жаңалықтар
Қызылжарда құсбегілердің республикалық чемпионаты басталды
20 Ақпан 2020, 19:12 168

Қызылжарда құсбегілердің республикалық чемпионаты басталды

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Солтүстік Қазақстан облысында құсбегілердің 14-ші республикалық чемпионаты басталды.

Саятшылар додасына Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалалары мен Ақмола, Атырау, Павлодар сынды тағы басқа облыстардан ең үздік құсбегілер жиналды.

43043d1d-c4a2-47a9-a71a-7cbe970639e4.jpg

Құсбегілер чемпионатының Қызылжар өңірінде ұйымдастырылуы тұңғыш рет. Ұлттық спорт десе "ішкен асын жерге қоятын" солтүстікқазақстандықтар Бескөл ауылындағы "Құлагер" ипподромына жиналды. Ерзат Байқадамов – Шығыс Қазақстан облысының
намысын қорғамақ. Құсбегі бүркіт баптаумен 7 жылдан бері айналысып жүргенін айтады. Ал оның қанатты серігі жарысқа алғаш рет қатыспақ.

3daad2bf-a490-43c9-9b37-ad4e3acc107a.jpg

Құсты асыраған соң, оның бабын білу керек. Бұл оңай шаруа емес. Әрбіреуінің өзіне тән мінезі болады. Аңға салатын құстарды жақсы көремін. Жылқыны да баптаймын. Бірақ қанаттылардың күтімі ерекше. Тазыларым да бар. Ата-бабаларымыз осы өнердің барлығын қалай білгеніне таңғаламын. Білегіңе қыранды қондырып, бетіңе самал жел есіп, атпен жүйітки шауып жүргенге не жетсін!? Бүгінгі жарысқа қатысып отырғандардың барлығы мұны жақсы біледі. Қарсыластарыма сәттілік тілеймін, - дейді құсбегі.

e4287f7d-7f20-47df-864a-b41a5cec9f16.jpg

Соңғы жылдары құсбегілік өнер біршама ілгерілей бастады. Алайда бұл сала Қызылжар өңірінде кенжелеп қалған. Осыны ескерген ұйымдастырушылар алқасы сайысты Солтүстік Қазақстан топырағында өткізуді жөн санапты.

c114bf0c-f8db-46cc-9854-68feb0dc38e6.jpg

Сайысытың екінші күнінде құсбегілер еркін ұшыру, шырғаға салудан сынға түседі. Ителгі, қаршыға сынды шағын құстар бар. Оларды да сынап көреміз. Ал үшінші күні қоянға салу ұйымдастырылады, - дейді Қазақстанның құсбегіліктен аға жаттықтырушысы Базарбек Күнтуғанұлы.
91084e40-aaf1-45f6-95be-40bddfd163b1.jpg
Қазақстан құсбегілерінің 14-ші республикалық чемпионатына 50-ден астам спортшы қатысуда. Ұлттық спорт додасы үш күн бойы жалғасады. Үздіктер Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын алады. Кейін ел құрамасына қосылып, биыл Түркияда өтетін көшпенділер ойынына жолдамаға ие болады.

b67661ee-6be6-4992-b8ea-edea94b2d7b2.jpg

Фото: автордан
Загрузка...