Қызылордада «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесі өтуде

8 Сәуір 2019, 16:19
3302
Бөлісу:
Қызылордада «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесі өтуде
PHOTO
Фото: автордан

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қызылорда облысының тарихи-өлкетану музейінде «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрме салтанатты түрде ашылды. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасның Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов қатысты. Сондай-ақ, жиынға қала тұрғындары мен жастар студент жастар келді.

Елбасы кітапханасының ұжымы өткен демалыс күндері Сыр сүлейлері мен атақты шайырлар, жыр дүлдүлері шыққан Қармақшы ауданы мен Сыр күрішін ел ырысына айналдырған, көптеген Еңбек ерлерін шығарған Шиелі ауданында болды. Тұрғындармен кездесулер, семинарлар өткізді. Ал бүгін облыс орталығында көшпелі көрменің салтанатты ашылуы ұйымдастырылды. Көрме өңірде екі айдан астам уақыт болады. Осы мерзім ішінде халық Тұңғыш Президенттің елдік жолында атқарған қызметімен таныса алады.

Қызылордада «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесі өтуде

«Сыр жерінің арғы-бергі тарихына көз жүкіртсек, біздің заманымызға дейінгі 4-5 ғасырлардан бастау алған қасиетті жеріміз сақтардың ордасы, бертін келе оғыз-қыпшақ бірлестіктерінің орталығы, Алтын орда мен Ақ орда хандарының туын тіккен киелі топырақ. 1925 жылы Қызылорда қаласы Қазақ Республикасының алғашқы астанасы болып, ұлтымыздың тарихи «қазақ» атауы қайтарылды. Сондықтан да бұны Елбасы «Сыр – Алаштың анасы» деп атады. Тұңғыш сөзінің мәні терең. Вашингтон, Ататүрік, Махатма Ганди сынды тұңғыштардың қатарында тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев есімінің жұлдыздай жарқырап тұруы мақтаныш сезімін ұялатады. Егемендік алып, жаңа тарихи дәуірге қадам басқанда – қиын-қыстау кезеңде тығырықтан жол тауып, асыл мұраттарға жетеледі. Қазақстан халқы алғашқы президент сайлауында өз таңдауын жасады, қателескен жоқ. Ел таңдаған Елбасы Қазақстанды дамудың даңғыл жолына салды», – деген Қырымбек Елеуұлы Тәуелсіз еліміздің тыныс-тіршілігі мен тағдырындағы Елбасының тұлғасы мен рөлінің маңызды болғанын атап өтті.

Ал Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов қасиетті Қорқыт бабаның ізі бар Сыр елінде кітапхананың көшпелі көрмесі өтіп жатқанына қуанышты екенін жеткізді.

Қызылордада «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесі өтуде

«Алғашқы рет осы көрме 2017 жылдың күзінде тәуелсіздіктің тал бесігі болған Алматы қаласында басталып, 2018 жыл бойы шырайлы Шымкентте, қасиетті Түркістан жерінде, мұнайлы Атырау мен арайлы Ақтөбе облыстарында табысты өткен болатын. Табысты өтті дейтінім, көшпелі көрмеге жоғарыда аталған өңірлердің 700 мыңнан астам тұрғындары қатысып, олар биыл 28-інші жылға қараған ел тәуелсіздігін баянды етуде жүріп өткен даңқты жолды тамашалай алу бақытына ие болды. Енді міне бүгін, көрмені барынша толықтырып, Сыр елінің назарына ұсынып отырмыз. Елбасы кітапханасының көшпелі көрмесінің Қызылорда облысына келуін Қазақ хандығының астанасы Сығанақ пен өткен ғасырдың екінші онжылдығында еліміздің астанасы болған Қызылордаға тәуелсіз Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтанның ілтипаты деп қабылдаңыздар дегім келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Алаштың анасы» деп атаған тарихы мол өңір халқы ел тәуелсіздігінің шұғылалы шежіресі болып табылатын Елбасымыздың өмір жолы мен саяси қызметін баяндайтын жәдігерлерден ұмытылмас әсер алатынына кәміл сенемін», – деді кітапхана директоры.

Әмірхан Рахымжановтың айтуынша, бұл көрмені облыс орталығының тұрғындары ғана емес, барша Сыр жұрты тамашалай алады. Өңірге ат басын бұрған қонақтардың да көруіне болады. Көрме аясында ғылыми басқосулар, семинарлар, кездесулер өткізілмек.

Қызылордада «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесі өтуде

«Бұл көрменің облыстың мәдени-рухани өмірінде айтулы оқиға болуымен қатар, елін сүйген Елбасының балалық шағы, еңбек жолы, еліміздің егемендігінің бекуіне аянбай жұмсаған күш-жігерін баяндайтын сирек те құнды құжаттар мен экспонаттардан Қызылорда жастары рухани күш алады деп сенеміз. Солардың арасынан болашақта Нұрсұлтан Әбішұлы сынды қайраткер тұлға шығады деп те үміттенеміз», – деді Әмірхан Мұратбекұлы.

Айта кетейік, көрмеде Елбасы кітапханасының музей, кітапхана, архив қорларының материалдары ұсынылды. Бірінші рет Сыр елінің назарына Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары мемлекеттік марапаттары қойылды. Мемлекет басшылары, қазақстандық авторлар сыйға тартқан құнды кітаптар, Елбасының өзге тілдерге аударылған туындылары қойылды.

Қызылордада «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесі өтуде

Мамыр айының аяғына дейін жалғасатын көрме «Елбасы жолы», «Елбасы феномені», «Әлем таныған Елбасы», «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» деп аталатын төрт бөлімнен тұрады.

Сонымен қатар, Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахыжанов Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдарымен, студенттерімен жүздесіп, пікір алысты. Кездесу соңында университет кітапханасына Елбасы кітапханасының атынан 300-ден астам кітап тарту етілді. Бұдан бөлек, Әмірхан Мұратбекұлы Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында болды.


Өзгелердің жаңалығы