Қызылордада инклюзивті білім беру мекемелерінің жұмысына мониторинг жүргізілді

22 Сәуір 2019, 22:14
3870
Бөлісу:
Қызылордада инклюзивті білім беру мекемелерінің жұмысына мониторинг жүргізілді

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. «Nur Otan» партиясының Қызылорда облыстық филиалы «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында инклюзивті білім беруге бейімделген білім беру ұйымдарына мониторинг жүргізді.

Партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілестің айтуынша, елімізде инклюзивті білім беруді 2020 жылға дейін 70 пайызға жеткізу жоспарлаған. Бұл мәселе – партияның айрықша назарында. Сондықтан, сырбойылық нұротандықтар мүмкіндігі шектеулі және ерекше қажеттіліктері бар жандардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында аймақтағы инклюзивті білім беруге бейімделген ұйымдардың жұмысына мониторинг жүргізді. Осы жұмысты мемлекттік органдар, облыстық мүгедектер қоғамы және салалық үкіметтік емес ұйымдар өкілдерін қамтыған сараптамалық топ атқаруда.

«Жалпы өңірде инклюзивті білім беруге бейімделген 112 балабақша, 148 мектеп, 18 кәсіптік техникалық колледж бар. Оларда 79 мүмкіндігі шектеулі бала мен жасөспірім білім алып жатыр. Алайда, ерекше білім алу қажеттілігі бар балалардың арнайы мамандары жоқ орындарда білім алып, бағдарламаны игеру сапасы төмен болатындығы анық. Яғни, бағдарламаны игере алмау салдарынан соңғы кездері үйден білім алатын оқушылар саны көбейіп отыр. Сараптамалық топ жұмысының негізгі мақсаты – аталмыш орындардағы кемшіліктерді анықтап, мүмкіндігі шектеулі балғындарға кедергісіз орта қалыптастыру, олардың сапалы білім алуына жағдай жасау, қоғам назарын аударту», – деді Ержан Байтілес.

Сараптамалық топ бүгін Қызылорда қаласындағы №5 «Шаттық» балабақшасы, М.Ә.Сужиков атындағы №6 орта мектеп пен «Болашақ» медицина колледжіне барып, жұмысымен танысты.

«Балабақшамызда 46 мүмкіндігі шектеулі бүлдіршін тәрбиеленуде. Біздің мақсат – оларды ортаға бейімдеу, сапалы білім беру. Олармен арнайы оқу курстарынан өткен тәрбиешілер жұмыс істейді. Нәтиже жаман емес, олармен балабақша қызметіне белсене араласып, өзге балалармен бір ұжымда қарым-қатынасқа түсуге үйренеді. Бұл кезеңнен өткен балалардың мектепте білім алуына оңайырақ болады», – деді №5 «Шаттық» балабақшасының меңгерушісі Гүлден Сапабековада.

Рейд барысында инклюзивті білім беру мекемелерінің материалдық базасы, білім беру сапасы, кадрлармен қамтамасыз етілуі секілді талаптардың сақталуы қадағаланып, тиісті ұсыныстар мен ескертулер жасалды.

Айта кетейік, бұл жұмыстар 30 сәуірге дейін жалғасады.

Өзгелердің жаңалығы