Қызылорда облысынан көне кесене табылды

24 Маусым 2020, 23:33
2398
Бөлісу:
Қызылорда облысынан көне кесене табылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ортағасырлық Қышқала қалашығы (ХІІІ-ХҮ ғ.ғ.) – Қызылорда облыс, Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылының маңында орналасқан. 

"Қышқала" қалашығы Баршынкент, Барчинлыгкент, Барджинлигкент, Қызқала деп те аталады. Бұл шаһар жөнінде алғаш рет 1242 жылы фламандтық саяхатшы Гильом де Рубрук жазып қалдырған делінеді. Сондай-ақ, Қышқала Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі сауда әрі қолөнер орталығы болғандығы туралы айтылады. Қайнаған тіршіліктің орталығы болған қала Алтын Орда заманында дәуірлеп тұрыпты.

Облыс әкімдігінің қолдауымен биылғы жылы Алтын Орданың 750 жылдығы аясында Қышқала қалашығында археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Қазба жұмыстарын "Археолог" халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуов жетекшілік ететін археологиялық экспедициясы атқаруда. Экспедиция құрамында Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты С. Есен, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері А. Молдахмет және жергілікті ауыл тұрғындары бар. 

Биылғы қазба маусымында кең көлемді археологиялық зерттеулермен қатар, консервациялық шаралар атқарылады. Табылған жәдігерлер облыстық музей қорына өткізілетін болады. Қазба жұмыстарына бақылауды облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің мамандары жүргізуде.

Өзгелердің жаңалығы