Қызылорда облысында өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі 71% артты

16 Сәуір 2019, 21:27
2670
Бөлісу:
Қызылорда облысында өңдеу өнеркәсібіндегі өнім көлемі 71% артты

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы 6 жылда мұнай мен газ өндіру көлемінің төмендеуіне қарамастан, Қызылорда облысы биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан үздік бес өңірдің қатарына еніп отыр.

Қызылорда облысының индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереевтің айтуынша, бүгін Үкімет отырысында 2019 жылғы қаңтар-наурыз аралығындағы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары айтылды. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қызылорда облысы өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны, экономикаға инвестиция тарту, құрылыс жұмыстары мен тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша – көшбасшылар қатарында.

«2019 жылдың І тоқсанында негізгі капиталға салынған инвестиция 84 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2,3 есеге өсті. Бұл республика бойынша ең үздік көрсеткіш (ҚР бойынша орташа өсім 7% құрады)», - деді басқарма басшысы Ринат Сұлтангереев.

Өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі 4,1 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 есеге өсті.

"Жалпы, соңғы 6 жылда өңдеу өнеркәсібі өнімінің өндіріс көлемі 71%-ға артты. Бұл көрсеткіш республика бойынша есепті кезеңде орташа есеппен 16,2% құрайды", - дейді Ринат Сұлтангереев.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Нұрмағамбетовтың мәлімдеуінше, құрылыс саласында да оң серпіліс бар. Мәселен, орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 20,4%-ға ұлғайды, ал республикада орташа өсу көрсеткіші 8,9% болып отыр. 126 мың шарты метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда 13%-ға артық. Айта кеткен жөн, 2018 жылы Қызылорда облысы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізді, яғни 700 мың шаршы метр баспана бой түзеді.

"2019 жылдың қаңтар-наурыз айларында құрылыс жұмыстарының көлемін арттыру Арал және Қазалы аудандарында газ және мұнай магистральды құбырлары, компрессорлық станция құрылысы, Шалқия кенішінде сыртқы электрмен жабдықтауды қайта құру, Сырдарияның сол жағалауындағы құрылысты дамыту есебінен жүзеге асырылды. 2019 жылдың қаңтар-наурыз айларында тұрғын үйлерді пайдалануға беру өсімі жеке тұрғын үйлерді пайдалануға беру есебінен 12,9%-ға артты. Бұл халықтың мүмкіндіктерінің, олардың табыстарының артқанын көрсетеді", - деді Арнұр Нұрмағамбетов.

Өзгелердің жаңалығы